Еуропа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан жылу энергиясын 3-4 есе көп тұтынады

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еуропаның дамыған елдерімен салыстырғанда, бөлмені жылыту кезінде біз жылу энергиясын 3-4 есе көп тұтынамыз.

Еуропа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан жылу энергиясын 3-4 есе көп тұтынады

Бүгін ҚР Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде «Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығын дамыту және жаңарту қазақстандық орталығы» АҚ-сының басқарма төрағасы Зинулла Қазиев осылай айтты.

«Сол себепті бүгінде біз энергия үнемділік мәселесіне ерекше назар аударуымыз қажет», - дейді З.Қазиев. Оның хабарлауынша, тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы саласы еліміздегі жылу және электр энергияны тұтынудың 30-40 пайызын қамтып отыр. «Осы орайда жылуды тиімсіз пайдалану және энергияны үнемдемеудің жиі орын алатындығын ерекше атап өткен жөн», - деп атап көрсетті басқарма төрағасы.

З.Қазиевтің айтуынша, қазіргі кезде отандық тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы саласының ақпараттық-талдау жүйесін әзірлеу жұмысы аяқталды. Ағымдағы жылы еліміздегі жылу желілері мен тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы нысандарының техникалық жағдайына нақты әрі ашық баға берілмек. «Республикалық бюджеттен бөлінген ақша жетпейді. Сондықтан осы жұмыста жергілікті атқарушы органдар бізге көмек көрсетулері тиіс», - деді З.Қазиев.