ЕУРОПА ЛИГАСЫ: «Қайрат» - «Абердин» 2:1

Ойын бастала салысымен алаң иелері, жанкүйерлердің қызу қолдауымен ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, батыл шабуылға көшті. Ойынның 4-ші минутында-ақ шотландықтардың айып алаңында қауіпті сәт туды. Бірақ, Станислав Лунин берілген пасқа жетіп үлгермеді. Дегенмен, ойынның 12-ші минутында «қайраттықтар» сол қапталдан тамаша шабуыл ұйымдастырды. Айып алаңына сол қанаттан енген Михаил Бакаевтың дәл тепкен добы торда тулады. Көп ұзамай «қайраттық» жанкүйерлердің тағы да мерейі тасыды. Ойынның 21-ші минутында жартылай қорғаушы Бауыржан Исламханның шамамен 35 метр жерден тепкен добы қақпаның «тоғыздығынан» енді. Есеп 2:0! Осыдан кейін-ақ алматылықтар барынша емін-еркін ойнап, допты өз бақылауында ұстауға тырысты. Дегенмен, шотландықтар да қарап қалмады. Үздіксіз қарымта шабуыл жасауға күш салды. Алайда, Владимир Плотников қарсыластардың бірнеше рет айып алаңынан дәл тепкен доптарын қақпаға дарытпады. Екінші таймда ойын сипаты өзгерген жоқ. Доп көп жағдайда «қайраттықтардың» бақылауында болды. Ал стадионға жиналған мыңдаған жанкүйер жерлестеріне құлшына қолдау көрсетті. Ойынның 59-шы минутында Бакаевтың берген пасын тиімді пайдаланған Исаэль айып алаңында екі қақпашыны алдап өтіп допты қақпаға бағыттып еді, қақпашы сыртқа қағып үлгерді. Көп ұзамай Деспотовичтің айып алаңының ішінен тепкен добы қақпадан қиыс кетті. «Сен салмасаң, саған салады» деген осы. Ойынның 68- ші минутында қонақтар есеп ашты. Есеп 2:1.
Екінші тайм аса тартысты өтті. Екі команда да алма-кезек шабуылдаумен болды. Бірақ есеп өзгермеді. Ойын 2:1 есебімен «Қайрат» командасының жеңісімен аяқталды.
Айта кетелік, «Қайрат» өз тарихында «Абердин» командасымен тұңғыш рет кездесті.