Еуропа мен Қытайға жол: Қазақстан мен Пәкістан тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізбек
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістандағы ресми сапарында елдегі ірі компаниялардың басшылығымен кездесу өткізді. Әсіресе тараптар сауда, логистика, қаржы, IT, ауылшаруашылығы, азық-түлік салаларына баса көңіл бөліп отыр.

Мәселен, қазақстандық тарап кездесу өткізген үш ірі компанияның екеуі (National Logistics Corporation, TCS Logistics) логистикамен айналысады.
Жыл басынан бері Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 2,5 есеге өсіп, 86 млн АҚШ долларына жеткен. Қазір Қазақстаннан Пәкістанға көкөністер, бұршақ тұқымдастар, пияз, сарымсақ, сұлы, қарақұмық, тары және басқа дәнді дақылдар, қара металл бұйымдары экспортталады. Ал Пәкістаннан — цитрус жемістері, дәрілік заттар, ерлер мен әйелдер киімі, азық-түліктер, картоп жеткізіледі.
Екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд доллардан да асыруға әлеуетіміз бар дейді қос тарап.
— Біздің негізгі мақсатымыз — тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу. Саудадағы басты мәселе — көлік жолдары мен дәліздер екені белгілі. Қазақстан қазіргі таңда ірі транспорттық логистикалық хаб болып, тек Қазақстанға емес, көршілес елдерге де тауар тасуға мүмкіншілік береді. Мысалы TCS Logistics Ауғанстан арқылы Өзбекстанға тауар әкеледі. Оны Сарыағашта пойызға тиеп әкете аламыз. Әсіресе маусымаралық кезде ерте пісетін картопты, жеміс-жидекті, басқа да азық-түлік түрлерін Пәкістаннан алып отырмыз. Пәкістандық серіктестерге Алматыда сауда-көтерме орталығын ашуды ұсындық. Атап өткенімдей, Қазақстан — Пәкістан үшін үлкен мүмкіндік. Олар тек бізге емес, Қытайға, Ресейге, ЕАЭО елдеріне тауар жеткізе алады. Ал Пәкістан бізге «Оңтүстік-Солтүстік дәлізі» жобасын енгізуде серіктес болмақ, — деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев агенттікке берген сұхбатында.
Пәкістандық кәсіпкерлер де Қазақстанның Орталық Азияға, Ресейге, Еуропаға және Қытайға жол ашатын маңызды қақпа екенін атап өтті. Өз кезегінде Пәкістан Африкамен, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азиямен жерүсті саудасына жол ашады.
— Қазақстан мен Пәкістанның болашақта бизнесті дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар. Дүниежүзіндегі геосаяси өзгерістер мен сауда үлгілерінің алмасуы бизнестер үшін, әсіресе менің жұмыс істейтін логистика саласында жаңа сауда жолдарын, жаңа серіктестіктерді орнатуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Қазақстан мен Пәкістан экономикасы барлық салада бір-бірін толықтырады. Мысалы ауыл шаруашылығында сіздердің жерлеріңіз кең болғанымен, егіс маусымы қысқа, сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдеріңіздің көлемі аздау. Ал Пәкістанның ауыл шаруашылығы өнімдері әлдеқайда мол. Біз көптеген пәкістандық жеміс-жидектер мен көкөністерді сіздердің нарықтарыңызға жеткізе аламыз, бұл сіздердің супермаркеттеріңізді, жеміс-көкөніс дүкендеріңізді мол өніммен толықтырады, — деді TCS Logistic компаниясының басшысы Х. Аван.
Қазақстандық делегация кездескен ірі пәкістандық корпорация Fauji Foundation — энергетика, мұнай газ тыңайтқыштар бойынша 29 еншілес компанияның иесі. Олар Қазақстанға 1,1 млрд доллар инвестиция салуға дайын екенін білдірді.
— Біз елдегі ең ірі бизнес-конгломераттардың біріміз, бүгін өзіміздің алуан түрлі бағыттарымызды Қазақстан басшылығына таныстырдық, Қазақстан компанияларымен ынтымақтаса алатын нақты салаларды анықтадық. Мәселен мұнай және газ, тыңайтқыш өндіру бойынша компанияларымыз ынтымақтастықты бастап кеткен. Жақында біздегі Askari Bank бизнес төлемдері үшін қазақстандық банкпен серіктестік орнатуды көздеп отыр. Қазақстандық делегация сұхбатқа өте ашық болды, біз бүгін азық-түлік, майнинг, цифрландыру, әріптестікті жақсарту бойынша пікір алмастық, — дейді Fauji Foundation әкімшілігінің комитет хатшысы Ирфан Хан.
Айта кетейік, Қазақстанда пәкістандық капиталдың қатысуымен 240-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Алматыда Пәкістанның сауда өкілдігі орналасқан.
Еске сала кетсек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Пәкістан астанасы Исламабад қаласына ресми сапармен барды. Бұл сапарда Қазақстан министрінің Пәкістанның президенті Асиф Али Зардаримен, премьер-министрі — Шахбаз Шарифпен, сыртқы істер министрі –– Мұхаммад Ысқақ Дармен кездесуі жоспарланған.