Еуропа мойындаған М. Шоқайды қазақ та жоғары деңгейде ұлықтаса игі
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Шалатай Мырзахметов Үкімет басшысының атына сауал жолдап, соңғы уақытта қоғамда көп талқыланып, айтылып жүрген Мұстафа Шоқай мәселесіне назар аудару мәселесін көтерді.
«Мұстафа Шоқайға Қазақстан емес, шет мемлекеттердің көрсетіп жатқан құрметтеріне ендігі кезде құлақ та үйреніп қалды. Бір өкініштісі, шет мемлекеттердің көрсетіп жатқан құрметтеріне халық болып қуана алмай, жеке дара мемлекет ретінде алғысымызды айта алмай келе жатқандығымыз. Тіпті Ресей тарапы 2008 жылы Санкт-Петербор қаласының мәдениеті, ғылымы және өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Петербор тұлғасы» атты медалімен М.Шоқайды марапаттағанын енді ғана естіп, біліп отырмыз. Өткен жылы арысымыздың құрметіне Париж қаласынан саябақ ашылып, мүсіні қойылғанда да елеусіз қалдырдық. Франциядағы Мұстафа Шоқай атындағы француз-қазақ қоғамы болса ескерткішін салып, кино түсіру ниеттерін білдірді. Қысқасы, бәрін жіпке тізер болсақ ұзап кетеді. Бір сөзбен айтқанда, М.Шоқайға Еуропа елдері жүрген-тұрған жерлерінің бәріне ескерткіш-тақта орнатып, өз тілдерінде кітаптарын шығарып, еске алу шараларын, конференциялар өткізіп барлық құрметтерін көрсетуде аянбауда. Біле білгенге қазақтың ешбір тұлғасы Еуропада мұндай құрмет көрмеді. Еуропада тұңғыш рет қазақтың тұлғасына мүсін орнатылуының өзі неге тұрады», - дей келе дупатат өз еліміздегі жағдайға наразылығын білдірді.
Оның айтуынша, 2009 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан Алматы қаласының бір мектебін М. Шоқай атымен атау туралы шешім шығарса да, ол орындалмай келеді. Бұл ретте депутат «Неге М.Шоқайға бір мектептің атын осынша күттіріп қоямыз? Еліміздің тәуелсіздігі үшін соңғы деміне дейін күресіп өткен азаматымыз осындай «құрметке» лайық па?» деп орынды сауал тастайды.
«Идеясының күштілігі сонда, М.Шоқайдан әлі күнге дейін қорқатындар бар. Оған дәлел осы күнге дейін "М.Шоқай кім?" дегенге елімізде нүкте қойылмай келеді. Әлемге үкімін жүргізген Түрік қағанаты тектес, түркі халықтарының бірлігін көздеген Түркістан идеясынан әлемдік алып державалар зәредей қорыққан. Тіпті Кеңес өкіметі кезінде оның атын атаудың өзіне тыйым салынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. М.Шоқайға әлі баға бере алмағанымызға қарағанда бұл идеядан қорқыныш әлі де сейілмегендігін байқаймыз. Түркістан деген ұлы мақсатты мұрат еткенімен әрбір түркі мемлекетінің жеке тәуелсіз ел болғанын қалаған. Ортақ одақ құруды көздемеді. Еңбектерінде Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерінің жауы ортақ, ол Ресей билігі. Сондықтан біздің мақсатымыз да, мүддеміз де ортақ. Ол тәуелсіздік алу. Тәуелсіздік алғанға дейін бәріміз ортақ жауға қарсы бірігіп күресейік, тәуелсіздік алған соң жеке-жеке мемлекет құрамыз деген пікір төңірегінде күрес жүргізген. «Біріксек алмайтын асу жоқ» деген осы. Ал алып державалар бұл әрекетіне қарап түркі халықтары бірігіп кетеді деп ойлаған», - деді депутат Ш. Мырзахметов.
Сонымен қатар, депутат қазақтардың ғана емес түркі-мұсылман халықтарының да мұң-мұқтажын жоқтап, күрескен дара қайраткер ретінде Мұстафаның туысқан ұлттар арасында қандай құрметке болса да лайық екендігін айтты. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында тәуелсіздікпен мағыналас болып кеткен М.Шоқай тұлғасын ұлықтау мақсатында Үкімет бірқанша тапсырмаларды орындаса игі. Атап айтқанда, мемлекетімізге үлкен сын болып тұрған, яғни Алматыдағы бір мектептің атын екі жыл күттіріп қоймай жеделдетіп берілгені жөн. М.Шоқайдың әлемде шашылып жатқан мұраларын жинап, мұражай ашу керек. Мысалға, түркиялық азамат Тимур Коджаоғлыда М.Шоқайдың төлқұжаты бар, Париж қаласындағы Әлім Алмат деген азаматта М.Шоқайдың жазба машинкасы, хаттары, естеліктер, суреттері, түркиялық Ахат Андижанда суреттері мен хаттары, Музаффер Акчорада М.Шоқайдың хаттары бар. Осы азаматтардың бәрі жеке қолға бермейміз, мұражайы ашылса береміз деп отыр. Бұдан бөлек, әлемдегі шоқайтанушыларды бірараға жинап, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілгені дұрыс. Парижден саябақ ашылып, мүсіні қойылып жатқанда Астанадан көше, мектеп атауы беріліп, Ататүрік ескерткіші жанынан ескерткіші қойылып жатса түркі бірлігі үшін күрескендер қатар жарасып тұрар еді, одан қалды елдігімізді көрсеткен болар едік. Өзге түркі тектес мемлекеттеріне бұл да үлгі. Түркі халықтарының екі алып тұлғасы Астанада қатар тұруы заңдылық», - деді Ш. Мырзахметов.