Еуропа сіздерді кепілгер санайды — Аркадий Дубнов Қазақстанның әлемнің «орта державалары» тізіміне кіруіне қатысты
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейлік саясаттанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Германияның «Ғылым және саясат қоры» орталығы (SWP) нұсқасына сәйкес, Қазақстанның әлемнің «орта державалары» тізіміне кіруі нені білдіретіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

— Аркадий Юрьевич, Қазақстан алғаш рет әлемнің «орта державалары» тізіміне кіріп отыр. Сіздің пайымыңызша, бұл үшін басты негіздеме не болды?
— Қазақстан шынымен де бұл тізімде барынша лайықты орынға ие болды. Меніңше, бұл бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайда жарықшақ орын алған кезеңде өзінің географиялық ауқымы, құрлықтар түйісіндегі орнына байланысты контрапункттердің біріне айналған Қазақстанның ішкі құрылымның бір форматынан екіншісіне жиі көшпеу үлгісімен түсіндірілетін сияқты. Мен жетілдірілген авторитаризмнен демократияға көшу тұрғысында айтып отырмын. Оның екеуі де барынша шартты түрде ғана. Дегенмен, Қазақстанда бұл транзит бірқалыпты емес, драмалық тұрғыда өтіп жатыр. Бірақ, меніңше, рет-ретімен сияқты. Бүгінде ол дәл осы жайтпен өзіне назар аудартып отыр. Өйткені, қазіргі заман тарихында мұндай сипаттағы үлгілерді өте аз білеміз. Қазақстанда ол өте айқын байқалады.
— SWP мамандарының пайымынша, еліміз өзінің сыртқы саясатымен ортаазиялық мемлекеттердің арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл оны өңірдегі басты ойыншыға айналдырады. Сіздің көзқарасыңызша, бұл мәлімдеме нені дәледейді?
— Қазақстан — бұл кешіріңіз, үлкен болғанымен бұрынғы кеңестік империяның жарықшағы. Уақыт пен география бойынша осынау аралық жағдай оны аталған империяның өзге жарықшақтарынан өте сезімтал қылады. Себебі, Қазақстан этно-тарихи торапта орналасқан. Кеңестік кезең мұрасы мен азиялық даму өте тығыз қиысады. Онда әлеуметтік, саяси, экономикалық кеңестік тыныс-тіршілік тәжірибесінен тыс өскен бүгінгі буын артқа қарамастан, өз өмірлерін түбегейлі дербес құрып келеді. Сондықтан да қазіргі уақытта біз осындай жағдайда тұрмыз. Ресейде бізде де ұрпақ дүниетанымы арасындағы кейбір шиеленісті жанжал жағдайындамыз. Біреулер кеңестік тарих тәжірибесіне қарап, артқа жалтақтап, одан қазіргі саясатты ақтау жолдарын іздейді. Билікке, белсенді өмірге келген өзге жастар тарихтағы өз орындарына қатысты тәуелсіз көзқарастарын паш етеді. Қазақстанда тарихаралық жай-күйге қатысты өте айқын пікір бар. Және де ол дәл сол жағдаймен әлемге өте қызықты.
— Мұнан бөлек, сарапшылар Қазақстанның ерте кезеңде-ақ өзінің халықаралық саясаттағы амбициясын жүзеге асыра алғанын мойындайды. Осыған қатысты сіздің көзқарасыңызды естісек…
— Келісемін. Мұның үстіне сол сарапшылардың, айталық, 15-20 жыл бұрынғы бағалауын есту де қызықты болар еді. Өйткені, бүгінде Қазақстанға қатысты айтылып отырған қошеметтердің бір бөлігі сол дәуірге де тиесілі. Өкінішке орай, тарих Қазақстанға саясаткерлердің өз лауазымында бірнеше ондаған жыл бойын отырмауы тиістігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Олар жаңа әлемдік экономикалық және саяси талаптарға сай болудан қалады. Бір жағынан қазіргі Қазақстандағы драма да содан. Президент Тоқаевқа қатысты айтар болақ, бұл орайда бұған дейін айтқанымды қайталаймын. Ол — кейбір қатынаста посткеңестік кеңістіктегі мүлдем айрықша құбылыс. Себебі ол саясатқа халықаралық ауқымдағы дайын қайраткер болып келді. Оның үлкен саяси әрі ішкі саяси жолдан өткенін айтпасақ та болады. Ол Сыртқы істер министрі, Премьер-Министр болды. Осы кезеңдердің бәрі есімде жақсы сақталған. Әрине, оның әлемдік имиджінің қалыптасуына көп жағдайда Женевада кеңсесі бар БҰҰ бас хатшысының бірнеше жыл орынбасары болуының да себепкер екендігін атап өткен жөн. Бұл да оның әлемге деген көзқарасының қалыптаса түсуіне септігін тигізді. Және де ол Президент болғаннан кейін бұл таңдаудың бүгінде өзін-өзі барынша ақтады деп ойлаймын. Өйткені, Тоқаев өте ауыр өзгерісті сәтте лайықты саясаткер болып шықты. Сондай-ақ адами қасиеті тұрғысынан да лайықты бола білді. Өйткені, ол сыртқы әлем, бірінші кезекте әлемдік ойыншылар тарапынан өте кездейсоқ, мәнсіз талаптармен бетпе-бет келген кезде елін лайықты қорғай алды. Ол Қазақстанды Шығыс пен Батыс арасындағы теке-тірес шұңқырына тартудан шеттете алды. Айтпақшы, ол бір жыл бұрын түпкі ойы мынадай «Қазақстанның Президенті ретіндегі міндетім — елді Шығыс пен Батыс арасындағы осынау бөлшектену иіріміне түсіп кетуіне жол бермеу» деген фраза айтқан болатын. Бұл оның қолынан келді және бұл өте қымбатқа түсті.
— Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы көпір ретіндегі өзінің географиялық және тарихи рөлін бекіте түсті. Оған не септігін тигізіп отыр?
— Меніңше, неміс орталығының бағалауы — бұл Қазақстанға берілген қандай да бір аванс сияқты. Иә, Қазақстан өсімі мен амбициясы, ресурсы бойынша, оның ішінде саяси да елдің әлемдегі рөлі жайлы түсінікті жаңартуға тырысады. Бұл өте қиын міндет. Тағы да қайталап айтамын: Тоқаевтың уақыты аз. Ол өзіне 7 жылдық мерзім алды. Сондықтан оның мерзімінің қалған 5 жылында өте қауырт жұмыс байқалатын болады. Құдай қолдап, ол күйзеліссіз өтсін.
Еуропа Қазақстанға көршілес елдердің саясатындағы беймәлім әлемнің қандай да бір тұрақтылық кепілгері ретінде қарайды. Дегенмен, бұл орайда қауіп те бар. Қазақстанды бұл елден бөліп алуға тырысу өте қауіпті. Әрине, біз Ресей жайында айтып отырмыз. Қазақстанға не біз — Батыс Еуропа, не Ресей деп таңдау алдына қою — жоғары қауіп-қатер. Бұлай болмайды және болмауы да тиіс. 7,5 мың шақырым ортақ шекарамыз, бірге өмір сүрген үлкен тарихымыз, араласып кеткен экономикамыз бар. Жалпы, Қазақстанды кейбір осындай антиподтармен Ресейге қарсы қою өте тәуекелді. Аталған зерттеуді оқыған кезімде Ресей жайлы ескертулерді көрмедім. Мені бұл жайт қатты алаңдатады. Бұл да маңызды. Менің айтқым келгені, аталған орталықтың қорытындысын бағаласақ, Қазақстан үшін өте беделді көрінеді.
— Мақалада Қазақстанға қажетті сәтте өзінің лайықты орнын алу үшін энергетикалық трансформацияға дайын болуы өте маңызды екендігі айтылады. Бұл мәселеде қандай аса маңызды сәттерді белгілеп бере алар едіңіз?
— Қажетті сәт жайлы есту қызық екен. Бұл немене? Ол сәт қашан туады? Түсінесіз бе, мұндай мазмұнда ол еңсерілетін және әлем тарихында мүлдем түбегейлі жаңа әлдене туындайтын апокалипсистің қандай да бір нүктесі бар сияқты. Мұндай болмайды деп үміттенемін. Өйткені, егер оны қалай дегенде де бағалар болсақ, онда бұл өте қатерлі ойын. Егер өте нақты айтар болсақ, онда Қазақстан энергияның жаңа түрлеріне көшу проблемасына ақырындап тап болады. Бұл салада ол көшбасшы болу ықтимал. Елдеріңіз иелік ететін уран кенінің мол қоры тұрғысында айтып отырмын. Және де республика оны сатудан бөлек, атом стансалары үшін отын элементтері өндірісінің қарқынын арттырса, онда Қазақстан әлемге мұнан ары да қажет бола түседі. Бүгінде ол уран көзі ретінде де аса қажет. Қазіргі уақытта атом электр стансасының құрылысына қатысты мәселе шешіліп жатқанын білеміз. Әрине, Еуропа шешімнің қалай қабылданатындығына өте қызғанышпен қарап отыр: не Ресейдің, не Франциясының пайдасына. Меніңше, оның тасасында: «егер ресейлік АЭС-тен бас тартып, батыстық станса жобасы бойынша салатын болсаңыздар, онда сіздер жарадыңыздар» деген мәселе де тұр. Бұл жерде тек бизнес қана емес, геосаясат та бар, өте нәзік кезең.
— Сіздің ойыңызша, Қазақстанның «орта держава» ретінде танылуы ел дамуына қалай әсер етеді?
— Қазақстанның әлемнің «орта державаларының» бірі ретінде танылуы елдің инвестициялық және кредиттік рейтингінің артуына септігін тигізбей қоймайды. Неміс зерттеу орталығының мұндай шешімі мен түрлі рейтингтер алу келешегі арасындағы өзара байланыстылық айқын. Бұл елге сенімді арттырып, мүмкіндігін еселейді. Қазақстан заңсыз шығарылған активтерді қайтару мүмкіндігін арттыруү шін халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты бастап отыр. Бұл өте маңызды. Қазақстан 90-жылдардң ортасында халықаралық консорциумдар мен мұнай көмпаниялар өзіне тартуға мүмкіндік алған кезде қуатты экономикалық өсімге серпін болғанын ескерген жөн. Сол қауіпсіздік көпшігі пен өзіңе деген сенімділік Қазақстанның әлемдің мұнай өндіру және мұнай өңдеу өнеркәсібіне қосылуына, мұнайды Батысқа, одан кейін Қытайға тасымалдауына негіз болды. Демек, мұна да есте сақтау қажет.