Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еуропадағы аптап ыстықтан 12 мыңнан астам адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM – Маусым айының соңында Батыс Еуропаны шарпыған аптап ыстық салдарынан 12 мыңнан астам адам қайтыс болды, деп хабарлайды DW.

аптап ыстық
Фото: Magnific

AFP агенттігі Бельгия, Германия, Испания, Люксембург, Нидерланд, Франция және Швейцарияның деректерін талдау нәтижесінде осындай қорытындыға келген.

Есепке сәйкес, 22–28 маусым аралығында, аптап ыстық шегіне жеткен кезеңде, аталған жеті елде қайтыс болғандар саны өткен жылдардың осы кезеңіндегі орташа көрсеткіштен шамамен 10 мың адамға көп болған. Бұған қоса, Ұлыбританияның Метеорология қызметінің мәліметінше, 18–28 маусым аралығында Англия мен Уэльсте тағы 2,2 мыңға жуық артық өлім тіркелген. Зерттеуге Шығыс Еуропа елдері енгізілмеген.

Аптап ыстық неліктен адам өміріне аса қауіпті?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгенің айтуынша, мұндай өлім-жітімнің басым бөлігінің алдын алуға болатын еді.

– Көптеген үкіметтер аптап ыстықты денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай емес, жай ғана ауа райы құбылысы ретінде қарастыруды жалғастырып келеді. Бұл жаз оның салдары қандай болатынын айқын көрсетті, – деді ол.

Германияда 22–28 маусым аралығында кей өңірлерде ауа температурасы +41 °C-тан асып, осы кезеңде шамамен 23,9 мың адам қайтыс болды. Бұл екі апта бұрынғы көрсеткіштен 7,1 мыңға көп.

Ең жоғары қауіп тобына кімдер кірді?

Зерттеулерге сәйкес, аптап ыстықтан көз жұмғандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан адамдар. Жоғары температура жылу соққысына, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуына әкелуі мүмкін.

Мамандар климаттың өзгеруіне байланысты экстремалды ыстық кезеңдері жиілеп, ұзара түсетінін айтып, денсаулық сақтау жүйесін дайындау мен халықты дер кезінде ескерту адам шығынын азайтудың негізгі тетіктері екенін атап өтті.

Айта кетейік, Нидерландыда аптап ыстықтан өлім-жітім жиіледі.

Ал Қытайдың аптап ыстықпен «жасанды жаңбыр» арқылы күресіп жатқанын хабарладық.