Еуропадағы ең бай адамның салық төлеуге ниеті жоқ

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның әкімшілік соты LVMH сән-салтанат тауарлары тобының бас директоры әрі Еуропадағы ең бай адам саналатын Бернар Арноны Францияға қосымша 22,5 млн еуро көлемінде салық төлеуге міндеттеді.

Еуропадағы ең бай адамның салық төлеуге ниеті жоқ
Фото: Jérémy Barande / Ecole polytechnique Université Paris-Saclay

L’Informé басылымының мәліметінше, іс LVMH компаниясының акционерлік құрылымына қатысты. Арно әулеті компания акцияларына тікелей емес, бірнеше холдинг арқылы иелік етеді. Холдингтердің ең жоғарғы сатысында Бельгияда тіркелген Pilinvest компаниясы орналасқан. Бұл құрылым Франциядағы салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік берген.

Қосымша есептелген салық 2010–2015 жылдар аралығын қамтиды. Оның ішінде:

  • 2010 жыл үшін табыс салығы мен әлеуметтік аударымдар – 12,96 млн еуро;

  • 2012–2015 жылдардағы мүлік салығы – 9,5 млн еуро.

2020 жылдың соңында Париждің әкімшілік соты Арно жұбайларының қосымша табыс салығынан босату және мүлік салығын қайтару туралы өтінішін қанағаттандырған болатын. Алайда Франция мемлекеті бұл шешімге шағым түсірді. Арно отбасының өкілі олардың енді Францияның Мемлекеттік кеңесіне апелляциялық шағым беретінін мәлімдеді.

Bloomberg агенттігінің миллиардерлер индексіне сәйкес, Бернар Арноның байлығы 165 млрд доллар көлемінде бағаланады. Бұл оны Еуропадағы ең дәулетті адам етеді.

LVMH құрамына әлемге танымал Louis Vuitton, Christian Dior, Moët & Chandon және Sephora сияқты люкс брендтер кіреді.