Еуропадағы орман өрті: Франция дабыл қақты, Испания төтенше жағдай жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон елдің оңтүстік-батысындағы Бордо қаласына орман өрті жақындауына байланысты 27 шілдеде үкіметтің шұғыл отырысын өткізеді, деп хабарлайды ВВС.
Бордо маңындағы аудандардан ондаған мың тұрғын эвакуацияланды. Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес өрттің бақылаудан шығып, қалаға қарай таралып жатқанын мәлімдеп, ахуалды «өте күрделі» деп бағалады.
Орман өрттері Францияға айтарлықтай әсер етті. Елдің оңтүстік-батысында шамамен 42 мың гектар орман өртенді, бұл — Екінші дүниежүзілік соғыстан бері ең ірі орман өрттерінің бірі. Жыл басынан бері шамамен 98 мың гектар өртеніп кетті.
Ауа райы болжамына қарағанда, сейсенбіден бастап елдің кей бөлігінде ауа температурасы 40 градус ыстыққа дейін көтерілуі мүмкін.
Бұрын-соңды болмаған аптап ыстық пен ұзаққа созылған құрғақшылық Еуропада орман өрттерінің жиілеуіне әрі жалынның тез таралуына себеп болып отыр.
Соңғы аптада орман өрттері еуропалық бірнеше елді шарпыды, ең ауыр жағдай Франция мен Испанияда байқалған. Қауіпті аймақтардан барлығы 300 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Испанияда өрт шамамен 77 мың гектар жерді шарпыды.
Үкімет орман өрттерінен зардап шеккен орталық провинциялар үшін азаматтық қорғаныс саласында төтенше жағдай жариялауды көздеп отыр, бұл қалпына келтіру үшін қосымша қаражат бөлуге мүмкіндік береді.
Испания премьер-министрінің айтуынша, қаңтар айынан бері елде 150 мың гектардан астам жер өртеніп кеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда алты есе көп.
Осыған дейін Бурабай ұлттық паркінде орман өртін сөндіруге тікұшақ тартылғанын жаздық.