Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын реформалау Астана саммитінен басталатын сияқты - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 17-сі, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын реформалау Астана саммитінен басталатын сияқты - республикалық басылымдарға шолу

***
«Бүкіл әдемді алаңдатып отырған Арал өңіріндегі жағдайды сауықтыруға байланысты қыруар шаруа тындырылып жатыр, алдағы уақытта бұл жұмыс өрістей түспек. Айтарлықтай қаржы бөліп отырған демеушілер де бар екен. Ауқымды жұмысты үйлестірушілер де істің көзін тауып жатыр. Ең бастысы, бұл мәселе халықаралық ұйымдардың назарында, қамқорында», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі шыққан санында. Бұл туралы басылымдағы «Аралдың болашағы алда» атты мақаладан оқуға болады.

Сондай-ақ аталмыш басылма сұхбат берген Мекемтас Мырзахметұлы «Батыстан жеткен жат мінез, бас көтертпей барады. Одан Абай

мен Бауыржанды оқу арқылы тазаруға болады» дейді. Осындай тақырыппен берілген сұхбаттан Мекемтас Мызахметұлының бүгінгі қоғамдағы сана-сезім туралы, Абай мен Бауыржанның еңбектері туралы ой-пікірлерін білуге болады.

***

«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын реформалау Астана саммитінен басталатын сияқты. Әрине бұл мәселеге қатысты скептиктік көзқарас танытып отырғандар да бар. Мәселен, Вашингтон саммитін өткізу туралы америкалықтармен келіссөздер онша сәтті бола қойған жоқ. Бірақ Ақорда саммитін өткізу қажеттігіне, оның мемлекеттің имиджін жақсарту үшін Қазақстанға емес, ең алдымен сол ұйымның өзіне қажеттігіне Батыстағы және Шығыстағы серіктерінің көзі жеткізе алды деп ойлаймын», дейді ресейлік саясаттанушы, Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық-сараптамалық орталығының жетекшісі Алексей Власов «Айқын» басылымына берген сұхбатында. Аталмыш сұхбатты «Айқынның» бүгінгі санындағы «ЕҚЫҰ-ны реформалау Астана саммитінен басталмақ» деген сұхбаттан оқи аласыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, Қырғызстанмен шекарасы шектесетін Жамбыл облысында күнде бір тосын оқиғаның орын алуы қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Қару-жарақ, есірткі тасымалы жолда қалып, енді қандастарымыз шегендеулі шекараның арғы бетінде қалып қойып, қиын жағдайға тап болып жатыр. 100-ден астам қазақстандық отбасы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы аймақта қалып қойған. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Қорасы Қазақстанда - үйі - Қырғызстанда» атты мақаладан оқисыздар.

Сондай-ақ аталмыш басылым тілшілерінің жазуынша, елімізде біраздан бері полигон аймақтарына инвесторлар тарту жайы қызу талқыға түсіп жатыр. Қайсібір мінберлерде осы мәселе қолдау тауып жатса, енді бір тарап «елдегі полигон аймақтары толық залалсыздандырылып біткен жоқ. Демек ол аймақтарды қолданысқа берудің табысқа жетелейтініне сену қиын» деген пікірлерді алға тартады. Ал іргедегі Қытай Халық Республикасының инвесторлары инвестиция салуға бейіл. Мәселенің анық-қанығын білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Полигон аймақтарына инвестиция талу қаншалықты тиімді» атты мақаладан оқуға болады.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Поменять орала на... мячи» атты қызықты мақала жарияланыпты. Онда Ауғанстанның қаржы министрі баяндамасында ауғанстандық балалардың 40 пайызы, яғни 8 миллионға жуық балалар дене еңбегімен айналысуға мәжбүр екендігін айтады. Министрдің сөзінше, осы балалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығындағы жұмыстармен айналысуда. «Әрине егер олар егін егіп, көкөніс өсіріп жатса жатса бір сәрі. Өкінішке орай олар мак өсірумен айналысады. Сөйтіп болашақта есірткі саудасымен айналысатын азаматтардың тағы бір легі өсіп келе жатыр», дейді министр.

***

Қазақстандық археологтар Кент тауларында қазба жұмыстарын жүргізу барысында алтын бұйымдарға оранған адамдың сүйегін тапты. Оның ер адамдікі немесе әйел адамдікі екенін сараптау жұмыстары анықтай жатады. Ал археологтар қазірдің өзінде бұл сүйектің Қазақстан тарихы үшін қаншалықты маңызды екенін, оны тіпті алтын адаммен салыстыруға болатын жаңалық екенін айтуда. Бұл туралы «Литер» басылымындағы «Золотой человек -2» атты мақаладан білуге болады.