Еуропаға виза талабын жеңілдету жұмысы күн сайын жүріп жатыр — ҚР СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақпен визаны жеңілдету жұмысы күн сайын жүріп жатыр. Ол үшін ЕО-ның әр мемлекетімен жеке сөйлесу керек. Бұл жайлы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.

Еуропаға виза талабын жеңілдету жұмысы күн сайын жүріп жатыр — ҚР СІМ
Фото: СІМ

— Өткен жылы біз Қазақстан Еуропалық одақпен визалық режимді оңайтула туралы келіссөздерді бастағанын хабарлаған едік. Бұл жұмыс күнделікті жүргізіліп жатыр. Ол үшін Еуропалық одақтың әр мемлекетімен жеке сөйлесу керек. Жақында біздің делегация Германияға барып, неміс тарапымен сөйлесіп қайтты. Келесі аптада біздің Срытқы істер министрлігінің делегациясы тағы Еуропаға барады. Ішкі істер министрлігі бар, Ұлттық қауіпсіздік бар, Сыртқы істер министрлігі бар, миграциялық мәселелер бар, бәрі жан-жақты қаралуы керек. Сондықтан бұл мәселе 1-2 күн емес, біраз жылды қажет етеді. Нақты уақытын айта алмаймыз, бірақ тездетуге тырысып жатырмыз, — деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.

Айта кетейік, 1 желтоқсанда Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан — ЕО ынтымақтастық кеңесінің ХХІІ отырысына қатысу үшін Брюссельге сапармен барады.

Отырыста тараптар энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, визалық режимді оңайлату, сондай-ақ аса маңызды шикізат материалдарын өндіру мен пайдалануды талқыламақ. 

 Биыл Қазақстан мен Еуропаның Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім орнатқанына 10 жыл толады. Бұл ретте Қазақстан — ұйымның «жаңа буын келісімін» жасаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.

 

Соңғы жаңалықтар