Еуропаға визалық режимді жеңілдету: Ермек Көшербаев Брюссельге сапарлайды

АСТАНА. KAZINFORM — 1 желтоқсанда Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан — ЕО ынтымақтастық кеңесінің ХХІІ отырысына қатысу үшін Брюссельге сапармен барады. Бұл туралы СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы, министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. 

Ермек Көшербаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Отырыс барысында тараптар Қазақстанның Еуропалық одақпен көпжоспарлы өзара іс қимылына дәстүрлі жан жақты шолу жүргізеді және он жыл бұрын қол қойылған Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің практикалық іске асырылуын талқылайды.

— Екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына — энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, визалық режимді оңайлату, сондай ақ аса маңызды шикізат материалдарын өндіру мен пайдалануға ерекше назар аударылатын болады, — деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.

Отырыс шеңберінде екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері бойынша пікір алмасу және аталған салаларда бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі нақты практикалық қадамдарды жасау жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Еуропаның Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім орнатқанына 10 жыл толады. Бұл ретте Қазақстан – ұйымның «жаңа буын келісімін» жасаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.

Соңғы жаңалықтар