Еуропаға жүк жеткізудің қосымша бағдары: Жүргізушілерге визасыз режим беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Көлік министрлігі Қазақстаннан автокөлікпен Еуропаға жүк жеткізу үшін балама бағдар қарастыру мәселесі бойынша түсінік берді.
— Ресей мен Беларусьті айналып өтетін баламалы машрутты пысықтау жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл баламалы бағдар Түрікменстан, Иран, Түркия аумақтары арқылы одан әрі Еуропа мемлекеттеріне шығуды көздейді. Бұл бағытта тасымалдарды жеңілдету мақсатында Министрлік Түрікменстанмен автотасымалдарға рұқсатсыз жүйе орнату мәселесін пысықтап, 2024 жылғы 10 қазанда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды (қазіргі кезде Хаттаманы ратификациялау жұмыстары атқарылып отыр). Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстан мен Түрікменстан арасында жүргізушілер үшін визасыз режим орнату мәселесі пысықталып жатыр, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, Иранмен автокөлікпен жүк тасымалдарына жыл сайын жеткілікті көлемде рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізіледі және жүргізушілер 15 күнге дейін визадан босатылған.
— Түркиямен де жыл сайын автокөлікпен жүк тасымалдарына жеткілікті көлемде рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізіледі және азаматтарға виза талап етілмейді, — деп аталып өткен Көлік министрлігі мәліметінде.
2023 жылдың аяғында Көлік министрлігінің өкілдері Қазақстан автокөлікпен жүк тасымалдау үшін Ресей мен Беларусьті айналып өтетін балама бағдар қарастырып жатқаны туралы хабарлаған еді.
Былтыр күзде Қазақстан мен Түрікменстан арасында «рұқсатсыз» жүк тасымалдау жүйесі енгізілетіні хабарланды.