Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Еуропалық авиация реттеушісі Иран, Ирак және Ливан әуе кеңістігін пайдаланбауға кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты әуе компанияларына Иран, Ирак және Ливан әуе кеңістігінде ұшудан бас тартуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

Еуропалық авиация реттеушісі Иран, Ирак және Ливан әуе кеңістігін пайдаланбауға кеңес берді
Фото: x.com/ @Lufthansa_DE/media

EASA сәрсенбі күні жариялаған бюллетеньде бұл ұсыныстың 31 тамызға дейін күшінде болатыны айтылған.

Агенттік мәліметінше, шешім АҚШ пен Иран арасындағы өзара соққылардан кейін аймақтағы шиеленістің жоғары деңгейде сақталуына және әскери қақтығыстың одан әрі өршу қаупіне байланысты қабылданды.

– Қолданыстағы атысты тоқтату режиміне қарамастан, жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр. Егер келісім бұзылса, Иран әуе кеңістігі тікелей қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін, – делінген EASA бағалауында.

Жаңа ұсыным Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Бахрейн мен Кувейттегі америкалық әскери нысандарға соққы жасағаны туралы мәлімдемелерінен, сондай-ақ АҚШ-тың Иран аумағына жасаған бірқатар шабуылынан кейін жарияланды.

Аймақтағы жағдай Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдардан кейін де күрделене түсті.

Бұған дейін 8 шілдеге дейін күшінде болған EASA бюллетені Ливанға да қатысты болған. Онда әуе компанияларына Бахрейн, Кувейт, Израиль, Иордания, Қатар, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы әуе кеңістігінде ұшу кезінде ерекше сақтық таныту ұсынылған.

Айта кетейік, ЕО жаңа ереже енгізді, енді отбасылар ұшақта қатар отыра алады.