Еуропалық авиациялық реттеуші орган авиакомпанияларды Иранның үстінен ұшпауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық авиация қауіпсіздігі агенттігі (EASA) жұма, 16 қаңтар күні кешке әуе тасымалдаушыларына Иран әуе кеңістігінде ұшудан аулақ болуға кеңес берді. EASA сайтында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, бұл ескерту биіктіктің барлық деңгейлеріне қатысты, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі. 

ЕО авиация реттеушісі әуе компанияларын Иран үстінен ұшпауға шақырды
Фото: Pexels

 — Қазіргі жағдайды және АҚШ тарапынан әскери әрекеттер жасау мүмкіндігін ескере отырып, Иранның әуе қорғаныс күштері жоғары дайындық деңгейінде тұр. Осыған байланысты Иранның әуе кеңістігінде қателесіп анықтау ықтималдығы артты. Әуе қорғанысы жүйелерінің кең ауқымда болуы және мемлекеттің болжамсыз әрекеті, сондай-ақ әуе қорғанысы жүйелерінің іске қосылу мүмкіндігі азаматтық рейстер үшін барлық биіктіктер мен ұшу деңгейлерінде жоғары қауіп-қатер тудырады, — деп атап өтеді реттеуші орган. 

EASA бағалауынша, АҚШ басып кіруі жағдайындағы Иран Ислам Республикасының аймақтағы АҚШ активтеріне қарсы кек алу әрекеттерін жоққа шығаруға болмайды. Бұл АҚШ әскери базалары орналасқан көршілес елдердің әуе кеңістігіне қосымша қауіп төндіруі мүмкін, деп атап өтілді хабарламада.

Al Hadath телеарнасы бұған дейін Иран билігінің Ирак шекарасына жақын әуе кеңістігін жабуды бұйырғанын хабарлаған. Бұл хабарламалар АҚШ-тың әуе шабуылы болуы мүмкін деген болжамдарды тудырды, деп түсіндірді dpa.

— Не істейтінін тек президент Трамп қана біледі, ал оның жоспарлары туралы кеңесшілердің өте аз тобы ғана біледі, — деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар, Ирандағы Украина елшілігі «қауіпсіздік жағдайының ушығуына байланысты» жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. 

— Елшіліктің жұмысын қайта бастау, сондай-ақ одан әрі әрекеттер мен ықтимал өзгерістер туралы кейінірек хабарланады, — делінген дипломатиялық миссияның Facebook-тегі парақшасында.

 Бұған дейін Air Astana Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір тұрақты және чартерлік рейстерінің маршруттарын өзгерткенін хабарлады. 

Иранда жағдай күннен күнге күрделеніп барады. Елде жаппай наразылық жалғасып, билік оларды қатаң басып-жаншып жатыр. Осы тұста АҚШ көшеге шыққан халықты қолдауы мүмкін деген күдік те артып отыр. Президент Дональд Трамп осы бағытта мәлімдеме жасады. Оқиғаның қалай өрбитіні және ықтимал сценарийлер туралы толық талдау Kazinform халықаралық шолушысының материалынан оқи аласыз. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум