Еуропалық ғарыш агенттігі Алакөлдің бірегей суретін жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) Қазақстандағы Алакөл көлінің палитрасын бейнелейтін бірегей спутниктік суретті көпшілік назарына ұсынды. Бұл туралы «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ мәлім етті.

Еуропалық ғарыш агенттігі Алакөлдің бірегей суретін жариялады
Фото: «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» АҚ

Бұл 3 радиолокациялық түсірілімді біріктіреді және 2025 жылғы көктем мезгіліндегі су айдыны мен ландшафттағы маусымдық өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді. ESA наурыз, сәуір және мамыр айларында түсірілген үш бөлек радарлық суретті біріктірді. Түсірілім Copernicus Sentinel-1 спутнигі арқылы жүргізілген. Әр суретке жеке түс берілген.

Алакөл атауы «ала көл» дегенді білдіреді. Суретте оны түсірілім кезіндегі көл бетіндегі мұз қабатының өзгеруіне байланысты көк және жасыл түстің әртүрлі реңктерінде көруге болады. Бұл тұзды көл қыста шамамен екі ай бойы мұзбен жабылып, ерте көктемде ашылатындықтан, көгілдір болып көрінеді. Себебі наурыз айындағы түсірілім кезінде оның беті негізінен қатып тұрған, — деп атап өтеді ESA.

Суретте Алакөлдің солтүстік-батысында орналасқан көршілес Кошкаркөл және Сасыккөл көлдері де көрсетілген. Олардың айналасы сары, қызғылт және күлгін түстерге боялып, көктем кезіндегі өсімдіктердің өзгеруін көрсетеді. ESA Алакөл–Сасыккөл көлдер жүйесі Рамсар конвенциясы бойынша халықаралық маңызды сулы-батпақты алқап екендігіне және ЮНЕСКО биосфералық резерваттар тізіміне енгеніне назар аударады. Олар далматин пеликаны мен үлкен қоқиқаз тәрізді әртүрлі құстардың маңызды көші-қон бағыты және ұя салатын орны. 

Алакөл алғаш рет өзіне назар аудартып отырған жоқ. Бұл көл — бұрыннан бері өзінің минералды және емдік қасиеттерімен танымал. Кеңестік кезеңде ғарышкерлер Жерге оралған соң, ағзаны қалпына келтіру және ғарыштық радиациядан тазарту мақсатында Алакөлге жіберілген. Бүгінде оның шипалы суы мен құрамы ерекше балшығы туристердің қызығушылығын оятады. 

Айта кетейік, 2022 жылдан бері Kazakh Tourism «Kids Go Free» бағдарламасын жүзеге асырып келеді және оның аясында Алакөл көлі екінші жыл қатарынан ең сұранысқа ие дестинацияға айналып отыр. 

2024 жылы 700 астам бала бұл бағыт бойынша тегін әуе билеттерін иеленсе, туроператорлар 330-дан астам турды сатты.

Бұған дейін хабарланғандай, Алакөл жағалауында 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Соңғы жаңалықтар