Еуропалық компаниялар Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларын локализациялауды көздеп отыр
АСТАНА. KAZINFORM - Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту шеңберінде Қазақстан делегациясы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған еуропалық бірқатар жетекші кәсіпорындарда болды, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, John Deere, Dewulf, Vervaet және Väderstad компанияларында сапарлар ұйымдастырылды. Бұл кәсіпорындар тамыржемістілерді өсіруге арналған жабдықтар, трактор, қызылша жинау және тыңайтқыш енгізу, сондай-ақ тұқым себу мен топырақ өңдеуге арналған техникалар шығарады.
Жұмыс сапары барысында делегация өндірістік үдерістермен танысты және шетелдік кәсіпорындар басшылығымен еліміздің аумағында өндірісті локализациялау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.
Кездесулер қорытындысында Қазақстан аумағында заманауи жоғары өнімді техниканың бірқатар түрлерін локализациялау жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Осыған дейін елімізде ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі жыл соңына дейін 70%-ға жететіні туралы жаздық.