Еуропалық Одақ АҚШ-тан энергетикалық ресурстар сатып алуға міндетті болады
АСТАНА. KAZINFORM – ЕО АҚШ-пен арадағы сауда тапшылығын жою мақсатында Америка Құрама Штаттарынан энергетикалық ресурстар сатып алуға міндетті болады. Бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

– Біздің Еуроодақпен арадағы сауда тапшылығымыз 350 миллиард долларды құрайды және ол тез арада жойылады, – деді АҚШ президенті Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен Ақ үйдегі кездесуде журналистердің сауалдарына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Еуроодаққа энергетикалық ресурстарды АҚШ-тан сатып алуға тура келеді, өйткені бұл ресурстар ЕО елдеріне қажет.
– Олар бізден энерго өнімдерді сатып алуы тиіс, себебі оларға бұл қажет. Олар сатып алады, ал біз 350 миллиард доллардан бір апта ішінде құтыламыз, – деді Трамп.
Сондай-ақ, АҚШ президенті Еуроодақты америкалық тауарларды жеткілікті көлемде сатып алмады деп айыптады.
– Еуропалық одақ бізге өте әділетсіз қарайды, – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, Трамп Нетаньяхумен кездесуде Газа секторын бақылауға алу идеясын тағы да алға тартты.