Еуропалық Одақ мигранттарды қайта орналастыру механизмін жасайды

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Комиссия Испания, Италия, Грекия және Кипрдің «миграциялық қысымға ұшырағанын» анықтады, бұл баспана іздеушілерді ЕО-ға мүше басқа мемлекеттерге қайта орналастыруға негіз беріп отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Еуропалық Одақ ауыртпалық түскен көп елден келген мигранттарды қайта орналастыру механизмін жасайды
Фото: Анадолы

Еуропалық Комиссия сейсенбі күні баспана және көші-қон мәселелері бойынша жылдық есеп ұсынды, онда Испания, Италия, Грекия және Кипр «миграциялық қысымға ұшыраған» елдер ретінде аталды. 

— Өткен жылы бұл елдерге теңізден құтқарылғандар да бар, мигранттар «шамадан тыс жоғары деңгейде» келді, — делінген Еурокомиссияның мәлімдемесінде.

Осылайша, 2026 жылы Испания, Италия, Грекия және Кипр басқа ЕО мүше мемлекеттерінің ынтымақтастығынан пайда көре алады, бұл баспана іздеушілерді өз аумағына қоныстандыру немесе қаржылық қолдау көрсету түрінде болуы мүмкін.

Осы бағалаумен қатар, Еурокомиссия ЕО-ға мүше 27 мемлекетке қоныс аударылатын баспана іздеушілердің жалпы санын және әр елдің қандай соманы қосуы немесе өтеуі керек екенін анықтау механизмі болып табылатын «Жыл сайынғы ниеттестік пулын» құруды ұсынды.
Еуропалық баспасөздің нақтылауынша, пул құру ұсынысы жария емес. Оны ЕО мүше мемлекеттері талқылап, жыл соңына дейін әр ел үшін ниеттестіктің мөлшері мен үлесін анықтауы керек.

«Миграциялық қысымға ұшырағандарды» қоспағанда, әр мүше мемлекет өз халқының саны мен жалпы ЖІӨ-ге пропорционалды түрде үлес қосуы керек және ынтымақтастық пулында көрсетілген қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін үш нұсқаның бірін таңдай алады: белгілі бір сандағы баспана іздеушілерді өз аумағына қоныстандыру, қоныстандырмаған әрбір адам үшін 20 мың еуро төлеу немесе миграциялық қысымға ұшыраған мүше мемлекеттерді жедел қолдауды қаржыландыру.

ЕО елдері соңғы шешімді ЕО білікті көпшілік дауыспен қабылдайды, ал заңмен белгіленген ниеттестік қорының ең аз мөлшері 30 мың қоныс аудару және 600 млн еуро қаржылық жарна ретінде белгіленеді.

Еурокомиссияның есебінде сондай-ақ «миграциялық қысым қаупі бар» 12 ел анықталды: Бельгия, Болгария, Германия, Эстония, Ирландия, Франция, Хорватия, Латвия, Литва, Нидерланд, Польша және Финляндия.

Бұл елдер «миграциялық қысымға» ұшырағандармен ниеттестік танытуға міндетті, бірақ олардың жағдайы келесі жылы пропорционалды емес міндеттемелерден аулақ болу үшін қайта бағаланады. 

Үшінші топ елдері «айтарлықтай миграциялық жағдайға тап болғандар» ретінде жіктелген: Болгария, Чехия, Эстония, Хорватия, Аустрия және Польша. Олар ниеттестік танытуға міндетті, бірақ Комиссия куәландырып, басқа мүше мемлекеттер мақұлдауы тиіс квоталарынан босатуды сұрай алады.

Есеп және ниеттестік пулы 2024 жылы қабылданған көші-қон саясатының негізгі реформасы болып табылатын Миграция және баспана туралы пактіде көзделген «міндетті ниеттестік» жүйесін әзірлеудің негізін құрайды.

Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан, Польша премьер-министрі Дональд Туск және Словакия премьер-министрі Роберт Фицо ЕО ережелерін енгізбейтіндерін мәлімдеді, себебі олар оған қаржылық үлес қосқысы немесе басқа елдерден келген мигранттарды қабылдағысы келмейді.

— Польша Миграциялық пакт аясында мигранттарды қабылдамайды. Біз ол үшін ақы төлемейміз, — деп жазды Туск есепті таныстырылғанна кейін әлеуметтік желілерде.

Будапешт пен Варшава Еурокомиссияға пактіні жүзеге асыру жоспарларын ұсынған жоқ, деп мойындады баспасөз мәслихатында Ішкі істер жөніндегі Еуропалық комиссар Магнус Бруннер.
Заңсыз көші-қон — көптеген еуропалық елдердің саяси күн тәртібіндегі өзекті мәселе. ЕО-ның әртүрлі партиялары мен бірлестіктері бұл тақырыпты өздерінің сайлауалды бағдарламалары мен платформаларында белсенді түрде көтеріп келеді.

Бұған дейін Павлодарда көші-қон заңнамасын бұзған 9 шетелдік ел аумағынан шығарылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар