Еуропалық одақ Мексикамен сауда байланысын кеңейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Мехико қаласында Еуропалық Одақ пен Мексика арасындағы сегізінші саммит өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.
Бұл екі тараптың соңғы 11 жылдағы ең жоғары деңгейдегі алғашқы кездесуі болды. Саммитке Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта, Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен және Мексика президенті Клаудия Шейнбаум қатысты.
Негізгі нәтиже ретінде екі құжатқа қол қойылды: Modernised Global Agreement (MGA) — саяси, экономикалық және ынтымақтастық салаларындағы стратегиялық серіктестік жөніндегі жаңартылған Глобальдық келісім, және Interim Agreement on Trade (ITA) — сауда бойынша аралық келісім.
Бұл келісімдер 2000 жылғы келісімдерді жаңартуға және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге арналған. Сауда-экономикалық ынтымақтастық айтарлықтай кеңейеді деп жоспарланған. Тарифтердің толық жойылуы, тарифтік емес кедергілердің жойылуы, мемлекеттік сатып алу және қызмет нарықтарының ашылуы, сондай-ақ зияткерлік меншік пен географиялық көрсеткіштердің қорғалуын күшейту көзделген.
Еуростат мәліметі бойынша 2025 жылы ЕО мен Мексика арасындағы тауар айналымы 86 миллиард еуродан асты. Мексика Латын Америкасында ЕО-ның сауда серіктестері арасында үшінші орын алады.
Саммит барысында тараптар климаттың өзгеруі мен тұрақты даму, қауіпсіздікті күшейту және ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, миграция, цифрландыру мен инновациялар, геосаяси қауіптер және жеткізу тізбектерін әртараптандыру мәселелерін талқылады.
Көшбасшылар халықаралық жағдай өзгеріп отырған кезде стратегиялық серіктестікті нығайту маңызды екенін атап өтті. Келісімдерге қол қою Еуропа мен Латын Америкасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мен көпполярлы әлемді нығайтуға маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропалық одақ елдері АҚШ-пен жасалған сауда келісімін өзара бекіте алмады.