Еуропалық одақ пен Пәкістан байланыстарын нығайтып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Пәкістанға ресми сапармен барды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі. 

Кая Каллас
Фото: Anadolu Ajansı

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Пәкістан Еуропалық одақпен сауда, инвестиция, институционалдық байланыстар және салалық ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылып отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні Пәкістан Премьер-министрінің орынбасары Исхақ Дар Кая Калласпен өткен келіссөздер барысында мәлімдеді.

ЕО мен Пәкістан дипломаттары ЕО–Пәкістан стратегиялық диалогының 8-сессиясына бірлесіп төрағалық етіп отыр.

Журналистер алдында өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Исхақ Дар екі тараптың сауда және инвестицияларды қоса алғанда, бірқатар бағыт бойынша ынтымақтаса алатынын айтты.

— Біз бұл бағдарламалық құжат саяси өзара түсіністікті тереңдетуге, салалық ынтымақтастықты кеңейтуге және Пәкістан мен Еуропалық одақ арасындағы институционалдық байланыстарды нығайтуға маңызды негіз бола алады деп есептейміз, — деді ол.

Оның айтуынша, стратегиялық диалогтың жалғасуы Пәкістан мен ЕО арасындағы қарым-қатынасқа жаңа серпін беруге және болашаққа бағдарланған әріптестікті қалыптастыруға деген ортақ ұмтылысты көрсетеді.

Кая Каллас Пәкістанның АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге жәрдемдесуін жоғары бағалап, бұл қақтығыс әлемнің көптеген еліне әсер етіп, энергия тасымалдаушылар мен тыңайтқыштардың қымбаттауына алып келетінін атап өтті. Сондай-ақ ол Пәкістан мен ЕО өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс істеп жатқанын айтты.

— Осы тұрғыда Еуропалық одақ пен Пәкістан арасындағы сауда қатынастарының қарқынды дамуын шын жүректен құптаймын, — деді Кая Каллас.

Ол Еуропа Пәкістан экспорты үшін ең ірі нарық болып қала беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Пәкістанның әлі де GSP Plus бағдарламасының негізгі бенефициарларының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, бұл әріптестіктің тек коммерциялық маңызға ғана емес, сонымен бірге экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді.

GSP Plus бағдарламасы адам құқықтары мен азаматтық құқықтарды қамтитын 27 негізгі халықаралық конвенцияны орындауға ерікті түрде келіскен елдердің экспортына Еуропа нарығына баж салығынсыз қол жеткізу мүмкіндігін береді.

— Сауда мен инвестициялардан бөлек, байланыстарымызды тереңдете алатын басқа да бағыттар бар. Мысалы, тұрақтылықты арттыру, климат, цифрлық инфрақұрылым және көші-қон мәселелері. Мұның бәрі ұзақ мерзімді әріптестікке салынған инвестиция, — деді Кая Каллас.