Еуропалық Одақпен 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылады

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелде осы сапар барысында жалпы сомасы 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді, деп хабарлайды Ақорданың бапасөз қызметі.

Еуропалық Одақпен 12 миллиард долларлық келісімге қол қойылады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің тұжырымдамалық тәсілдерді пысықтаудан нақты әрекетке ұласқанын аңғартады.

Президент Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық табысы және аталған нәтижеге жеткізген жүйелі өзгерістер жайында мәлімет берді.

– Қазақстан экономикасы орнықтылық көрсетіп, жедел дамып келеді. Былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызға жетті. Бұл – Халықаралық валюта қоры болжаған жаһандық өсім қарқынынан екі есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың долларды құрады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл ұлттық экономика көлемі 360 миллиард долларға жетеді. Қазіргі уақытта экономикамыздың 40 пайызға жуығын шағын және орта бизнес құрайды. Олар негізгі капиталға салынатын инвестицияның шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жетістіктерге, сайып келгенде, кешенді әрі жүйелі реформалар түрткі болды. Қазақстанда барынша ашық, бәсекеге қабілетті әрі инвесторларға қолайлы экономика құру мақсатында ауқымды саяси және экономикалық жаңғырулар жүргізіліп жатыр. Біз демократиялық институттарды күшейтіп, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін жетілдірдік, заң үстемдігін орнаттық және адам құқықтарын қорғау аясын кеңейттік. «Заң мен тәртіп» қағидатын мүлтіксіз сақтау ішкі саясатымыздың өзегіне айналды. Таяуда өткен тарихи жалпыұлттық референдум да инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған заманауи институционалдық база қалыптастыруға септігін тигізді. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енді инвесторларға «бір терезе» қағидатына сәйкес толыққанды қызмет көрсетеді, ал Инвестициялық кеңес инвестицияға қатысты түйткілді мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз жаңа ынталандыру тетіктерін енгізе бастадық. Мысалы, Altyn Visa бағдарламасы халықаралық инвесторларға салық және көші-қон мәселесінде едәуір жеңілдіктер береді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – саяси тұрақты, макроэкономикалық көрсеткішткері орнықты, экономикасы ашық әрі нарық реформаларына бейіл ел. Ал мұның бәрін инвесторлар ерекше бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін ЕО-мен екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асқаны туралы жаздық.