Еуропалық одақтың Қазақстандағы Елшісі отандастарымызды Наурыз мейрамымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

Еуропалық одақтың Қазақстандағы Елшісі отандастарымызды Наурыз мейрамымен құттықтады
Фото: EEAS

– Наурыз – ерекше әрі мағыналы мереке. Бұл мейрам маған өте ұнайды, мен әрдайым оны ерекше ықыласпен атап өтемін. Қазіргі таңда мерекенің 10 күнге дейін ұзартылып, әр күннің өзіндік мәнге ие болуы тамаша бастама болды, - деді елші. 

Сонымен қатар елші ұлттық киім күнін де атап өтті. 

– Мен кеше ұлттық киім кидім, бүгін кешке және ертең де киюді жоспарлап отырмын. Бұл – өте керемет дәстүр, - деді ол.

Сондай-ақ Алешка Симкич Қазақстан халқына ізгі тілегін жеткізді.

– Барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанға береке, молшылық және өркендеу тілеймін, - деді елші.

Сөз соңында ол Ұлттық музейде өтетін мерекелік іс-шараға қатысатынын атап өтті. 

Бұған дейін Қазан Федералдық университетінің қолдауымен көктем мен жаңаруды тойлау – Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өткенін жазғанбыз. 

Атадан қалған асыл дәстүр бойынша наурыз көже – Наурыз мейрамы қарсаңында дайындалатын қасиетті ас. Ұлыстың ұлы күні әр шаңырақ бұл тағамды молшылық пен берекенің нышаны ретінде әзірлеп, жаңа жылды ақ тілекпен қарсы алуға мән береді. 

Сондай-ақ Астанада Қазақстандағы дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық ұйымдар мен шетелдік серіктес құрылымдар қатысқан «Наурыз балы» өтті. Мерекелік іс-шараны Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді.