Еуропарламентте Израиль туын еденге тастаған депутатқа шара қолданылмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Палестинаны қолдайтын Франция депутаты Рима Хассан 7 қазандағы ХАМАС шабуылынан қаза тапқандарды еске алуға арналған көрмеде Израиль мен Еуропалық Одақтың жалауларын алып тастаған, деп хабарлайды Еuronews.
Еуропарламент президенті Роберта Мецола еденге ЕО және Израиль жалауларын тастаған депутатқа қатысты «барлық қажетті шараны» қабылдайтынын мәлімдеді.
Мецола саясаткердің аты-жөнін атамағанымен, кейін оның Рима Хассан екені белгілі болды. Оның кеңсесі Хассанның 2023 жылғы 7 қазанда Израильде болған теракт құрбандарын еске алуға арналған көрме кезінде Израиль туын алып тастағанын растады.
Парламенттегі дереккөздердің мәліметінше, ол көрме авторы, израильдік суретші Ярон Бобпен сөзге келіп қалған. Хассан суретшіні болған оқиғаның «біржақты нұсқасын» ұсынды деп айыптаған.
— Бұл ғимаратта әр адам өзін қауіпсіз сезінуі керек. Сондықтан кез келген адамның өзгелердің қауіпсіздігіне күмән келтіретін әрекеттерін біз қатаң айыптаймыз. Әлемде антисемитизм күшейіп тұрған кезде Еуропаның еврей қауымдастығы алдында жауапкершілігімізді сезінуіміз қажет. Олар бізге қарағанда бұл жерді өздерінің де ортақ үйі деп сезінуі тиіс, — деп жазды Мецола оқиғадан кейінгі мәлімдемесінде.
Мецола жалауларды алып тастаған депутатқа қатысты «барлық тиісті шара» қабылданатынын айтты.
Сириядағы палестиналық босқындар лагерінде азаматтығы жоқ болып дүниеге келген Хассан Францияда палестиналықтарды қолдайтын ең танымал белсенділердің бірі саналады. Қазір Францияда оған қатысты билік терроризмді ақтау деп бағалаған болжамды мәлімдемелеріне байланысты сот процесі жүріп жатыр. Ал Израиль билігі оны ХАМАСПЕН байланысы бар деп айыптайды.
Хассанға сөгіс жариялануы, парламент жұмысына қатысуын уақытша шектеу және/немесе 60 күнге дейін тәуліктік төлемдерінен (күніне 350 еуро) айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Мецола аппаратының өкілі Euronews-ке хабарлағандай, парламент президиумы қазір оқиғаға баға беру және қандай жаза қолдану керегін анықтау үшін бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап жатыр. Оның айтуынша, шешім қазіргі пленарлық сессия кезінде қабылданбайды.
Хассанның кеңсесі таратқан мәлімдемеде депутаттың Израиль туын тұғырдан алып тастағаны мойындалды. Алайда сол тұғырға бекітілген Еуропалық Одақ туы тепе-теңдік бұзылғандықтан құлап кеткені айтылды.
Мәлімдемеде «ешбір ту тапталмағаны немесе бүлінбегені» атап өтілген.
— Хассанның кеңсесі оның бұл әрекеті Еуропарламент ғимаратында Израильдің дипломатиялық өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шараға қарсылық ретінде жасалғанын мәлімдеді. Іс-шара барысында, атап айтқанда, Израиль зымырандарының бөлшектерінен жасалған бұйымдар сатылымға қойылған, — делінген мәлімдемеде.
Хассанның бұл әрекеті депутаттар арасында және парламенттен тыс жерде де пікірталас туғызды.
— Тіпті, осындай қайғылы оқиға алдында да ол өзінің антисемиттік көзқарасын кейінге ысыра алмайды. Ол ұялуы керек, — деді Социалистер мен демократтар фракциясының өкілі, парламент вице-президенті Пина Пичерно.
«Еуропаны жаңарту» тобының өкілі Натали Луазо мен Еуропалық консерваторлар мен реформашылар тобының мүшесі Никола Прокаччиниді қоса алғанда, басқа да депутаттар әлеуметтік желілерде және парламенттегі сөздерінде Хассанды сынға алды.
Израильдің сыртқы істер министрі Гидон Саар болған оқиғаны «масқара әрі шектен шыққан, бірақ, өкінішке қарай, таңғаларлық емес» деп атады.
Бұған дейін Израиль әскері атысты тоқтату режиміне қарамастан Ливанның оңтүстігіне соққы жасағанын жазған едік.