EuroSkills: Қазақстандық жас мамандар Еуропа чемпионатында бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ жастары EuroSkills халықаралық чемпионатында бақ сынайды. Кәсіби шеберлердің жарысы Данияның Хернинг қаласында өтеді.

Бұл — осымен 9-рет ұйымдастырылып жатқан беделді чемпионат. Оған Еуропаның 32 елінен 597 жас маман қатысады. Бұл туралы «WorldSkills Kazakhstan» басқармасының бас менеджері Kazinform тілшісіне берген сұхбатында хабарлады.
— Бұл — 25 жасқа дейінгі жұмысшы мамандар арасында өтетін сайыс. Мұнда әр қатысушы өз саласында бақ сынап, үздікті анықтайды. Қазақстаннан 25 мамандық бойынша 28 колледж студенті, түлектері мен жас мамандар қатысады. Оның 3 құзыреттілігінде командамен жұмыс істейді. Қазақстан құрамасының 90 пайызы — студенттер. Бағыттарын айтар болсақ, олар — құрылыс, сантехника, IT және инженерлік-техникалық салалар, — дейді Елнұр Бекташов.
Қазақстан ұлттық құрамасы байрақты бәсекеге сақадай сай. Енді 8 қыркүйек күні Данияға аттанады.
— WorldSkills Kazakhstan-ның ашылғанына 10 жыл болды. Әр жылы жастар алдымен өңірлік чемпионаттарда бақ сынайды. Одан үздік атанғандар республикаға жолдама алады. Республикада жеңіске жеткендер халықаралық байқауда өнер көрсетеді. Біз Еуропа чемпионатына қатысу үшін соңғы 3 жылда республикалық чемпионатта жүлделі орын алған жастардың арасынан іріктеу өткіздік. Іріктеуге 100-ге жуық адам қатысты. Әр мамандық бойынша 2 үміткер таңдалды. Олар 48 күн бойы кәсіби, 5 күн психологиялық дайындықтан өтті, — деді бас менеджер.
Айта кетейік, бұған дейін «Жұмысшы мамандықтар жылы» Қазақстандағы еңбек нарығына қалай әсер еткені туралы жазған едік.