Эверест шыңын бағындырған қазақ қызы енді қай тауға ту тігеді

АСТАНА. KAZINFORM – Эверест шыңын (8 848 м) бағындырған екінші қазақ әйелі Жәмила Баширова алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жәмила
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ол атақты шыңға шығу оңайға соқпағанын айтады. Сондай-ақ оның ең бірінші әрекеті ауа райына байланысты сәтсіз аяқталған. Десе де, мақсатына жету үшін ештеңеден қаймықпаған қайсар ару Непалда 1 аптадан астам уақыт күтіп, екінші мүмкіндігінде Эверест шыңын бағындыра алды. 

«Алғашқы сапарымызда орта жолдан қайтқанымыз үшін қатты жыладым. Әр сапарға қомақты қаражат қажет екені белгілі. Эверест шыңын бағындыруға деген ниетімді байқаған әріптесім демеушілік көрсетуге дайын екенін жеткізді. Екі сапарға шамамен 100 мың доллар қаржы жұмсалды. Ендігі мақсатым – Мадаблан шыңын бағындыру», - дейді ол. 

Жәмила
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Жәмила мансабында Эвересттен бөлек, Еуропаның ең биік нүктесі Эльбрусқа (5 642 метр), Оңтүстік Американың ең биік нүктесі Аконкагуаға (6 962 метр), Ленин шыңына (7 134 метр) шыққан. 

Эверест шыңын бағындырған
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

44 жастағы Семей өңірінің тумасы тамақтану өндірісі бойынша инженер-технолог мамандығын игерген. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда тапқан табысын шыңға шығу үшін жинапты. 

«Мен осы қадамға барғаныма бір сәт те өкінген емеспін. Өзімнің рухани әсерім үшін қомақты қаржыны жұмсай алғаныма кеудемді ғажайып сезім кернеді. Бір бөлмелі пәтерде тұрамын, бриллиант немесе бренд әшекейлерім жоқ. Астымда көлігім жоқ. Кейінгі төрт жылда тапқан қаражатымды шыңдарды бағындыруға жұмсадым. Биік шыңға жеткенде сіз кез келген нәрсеге қабілетті екеніңізді және ешқандай кедергілер жоқ екенін түсінесіз. Сіз әйел болсаңыз да, кез келген қиындықты жеңуге күш-қуат бар - бала туу, ағаш отырғызу немесе Эверестті бағындыру. Мен қаншалықты күшті және қабілетті екенімізді көрсету арқылы барлық қыздар мен әйелдерді шабыттандырғым келеді», - дейді Жәмила.

Жәмила
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Еске салсақ, бұған дейін 44 жастағы отандасымыз Жәмила Башированың Эверест шыңын бағындырғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар