«Евровидение» конкурсының финалистері анықталды
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат - Норвегияның елордасы Осло қаласында бүгін түнде өткен «Евровидение 2010» конкурсының екінші жартылай финалының қорытындысы бойынша көрермендер мен қазылар алқасы ән байқауының соңғы финалистерін анықтады,
деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі.
Екінші жартылай финалға 17 елдің өкілі қатысып, көрермендердің дауыс беруі мен кәсіпқой қазылар алқасының үкімі бойынша финалға 10 конкурсант шықты. Олардың қатарында Әзірбайжан әншісі Сафура, армениялық Ева Рувас, израильдік әнші Харель Скаат, даниялық Шани және Томас Невергриннің жұбы, ирландиялық әнші Ниам Кавана бар.
Финалға шыққандардың қатарында Грузия, Украина, Түркия, Кипр, Румыния өкілдері де бар.
Ал сәрсенбіге қараған түні өткен бірінші жартылай финалдың қорытындысы бойынша финалға Ресей, Босния және Герцоговина, Молдова, Грекия, Португалия, Беларус, Сербия, Бельгия, Албания, Исландия өкілдері шықты.
Сондай-ақ, қорытынды думанда «үлкен төрттіктің» - Испания, Ұлыбритания, Франция және Германияның және өткен жылғы конкурстың жеңімпазы және конкурсты қабылдаушы тарап ретінде Норвегия өкілдері қатысады.
Осылайша, сенбіден жексенбіге қараған түні өтетін «Евровидение» конкурсының финалдық концертінде 25 әнші өнер көрсетеді.