Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

EXPO 2017 Football Cup: «Скуадра Адзурра» соңғы ойында «неміс машинасынан» басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «EXPO 2017 Football Cup» турнирінде бесінші орын үшін таласта Италия құрамасы Германияны жеңіп кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

EXPO 2017 Football Cup: «Скуадра Адзурра» соңғы ойында «неміс машинасынан» басым түсті

Матч айтарлықтай тартысты басталды. Дино Баджо мен Дельвеккионың біршама мүмкіндіктері болғанымен, ардагер футболшылар соңғы сәтте мүлт кетіп жатты. Футболшылары шау тартса да атақты «неміс машинасының» көрсете алары бар екен. 12 минутта Михаил Шульцтың соққысын италиялық қақпашы қайтара алмады.

«Скуадра Адзурра» жауапсыз қалған жоқ. 14-ші және 15-ші минутта Луиджи Деваджо мен Стефано Эрравио бір-бір голдан салып жіберді. Немістерге қалайда жауап қайтару керек еді. Италиялықтарға лайықты жауапты 10 нөмірлі Марко Райт қайтарғанымен, Стефано Эрравионың бұл ойындағы дублі бірінші таймды 3:2 есебімен италиялықтардың пайдасына шешті.

Матчтың екінші таймы германиялықтардың есепті теңестіруімен басталды. Италиялықтар 22 минуттағы айып добын сәтті орындай алған жоқ. Бірақ, германиялық қақпашының 27 минуттағы қателігін Луиджи Дибиаджо кешірмеді. Әуелей тебілген доп қақпаға дәл кірді.  Немістерден Томас Брдавич есепті теңестіргенімен Стефано Эрравионың екінші таймдағы екінші дублі қарсыластарын бас көтертпейін деді. Ақыры, матч италиялықтардың соңғы голымен 7:4 есебімен аяқталды.

Еске сала кетсек, Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында «EXPO 2017 Football Cup» турнирінің шешуші кезеңі өтіп жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Португалия құрамаларының арасында үшінші орын үшін талас басталып кетті. Турнирдің финалында құрамында Креспо, Стойчков сынды әлемнің атақты ардагерлері бар Әлем құрамасы Ресей футболшыларымен кездеседі.