EXPO-2017 көрмесіне дайындық барысымен танысу үшін ХКБ Бас хатшысы Астанаға сапар жасамақ
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алдағы жылғы ақпанның басында Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталес EXPO-2017 көрмесіне дайындық барысымен танысу үшін Астанаға сапар жасамақ. Бұл туралы көрмеге дайындық және оны өткізу бойынша дирекцияның директоры Бауыржан Жансейітов мәлім етті.
«ХКБ-дан инспекция болады. Атап айтқанда Халықаралық көрмелер бюросының белгіленген регламенті бар және осыған сәйкес Қазақстанда бюромен кездесулер өтеді. Ақпанның басында Астанаға Лоссерталес мырзаның сапары болады деп күтілуде. Біз оны EXPO-ны өткізудің дайындық барысымен таныстырамыз», - деді Б. Жансейітов.
Осы орайда ол биыл ХКБ-ға Тіркеу құжаттамасы уақытылы ұсынылғанын еске салып өтті. Қазіргі кезде «Астана EXPO-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ EXPO қалашығының сметалық құжаттарын даярлаумен айналысуда. Бұл жұмыстар 2014 жылдың наурызына қарай аяқталады.
«2014 жылдың көктемінде ұлттық компания EXPO қалашықтың құрылысы бойынша дайындық кезеңіне кірісуі тиіс. Алдағы жылдың маусымында Қазақстан көрмені өткізуге рұқсат беретін туды ресми түрде алуы қажет»,-деді ол.