EXPO 2025: Қазақстан павильонының 100 мыңыншы қонағы Түркістанға сертификат жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстанның Ұлттық павильоны 100 мыңыншы келушісін қарсы алды. Ол – Нара қаласының 37 жасар тұрғыны, жапондық Жеке қаржылық бастамалар қауымдастығының жоба менеджері Акиба Акихито.

− Бұл мен үшін күтпеген тосынсый болды Мен павильонның контентіне, атап айтқанда Қазақ хандығының қалыптасу тарихына және тарих пен жаңа технологиялардың үйлесімін көріп таңғалдым. «ALEM» құрылғысы тамыры тереңге жайылған тарихтарыңызды ұмытпай, болашаққа көзқарастарыңыздың тамаша үлгісі болды. Ұйымдастырушыларға жылы лебізі үшін және таңғажайып елдің бай мәдениеті мен тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік алғаным үшін рақмет. Қазақстанның мәдениетімен танысу үшін Қазақстанға барып, Түркістанды көргім келеді, − деді Акиба Акихито.
100 мыңыншы қонақты Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев құттықтады. Ол Акиба Акихитоға «Karavansaray Turkistan» туристік кешеніне екі адамға арналған сертификат пен естелік кәдесыйларды табыстады.
Келушілер санын есептеуді жапондық EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесін өткізу қауымдастығы арнайы жабдықтың көмегімен жүргізеді. Қауымдастық мамандарының айтуынша, павильон шағын болғанымен, қазақстандық экспозиция көрме қонақтарына ойластырылған контентімен және жоғары технологиялық экспонаттарымен қызықты.
Қазақстан павильоны тарихқа, мәдениетке, экономикалық көрсеткіштерге, экожүйеге, туризмге, инновацияға баса ден қойылған 4 аймақтан тұрады. Шаңырақ символына негізделген тұжырымдамада 3D мэппингтен бастап, иммерсивті проекциялық шоуға дейін бірнеше интерактивті аймақ бар.
Сонымен бірге, павильон елдің инвестициялық және экономикалық әлеуетін көрсетеді: мұнда негізгі салалар, табиғи ресурстар, туристік және инновациялық әлеует, «жасыл» энергетика және тұрақты даму саласындағы жетістіктер ұсынылған. Сондай-ақ ағзаларды трансплантациялау және оқшауланған органдарды емдеу саласындағы жетістік – «ALEM» (Astana Life Ex-situ Machine) инновациялық құрылғысы ұсынылды. Қазақстанның жетекші зерттеушілері мен инженерлері әзірлеген «ALEM» донорлық мүшелерді бір тәуліктен де ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, Жапонияның Осака қаласында Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі басталды. Ауқымды іс-шара жұмысына 158 ел мен 9 халықаралық ұйым атсалысып жатыр. Көрме 13 сәуірде басталып, 2025 жылдың 13 қазанына дейін жалғасады.
Айта кетелік Жапонияда Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі өтіп жатыр.