EXPO аумағында жаңа технологиялық кластер құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда инновациялық инфрақұрылымды дамытудың келесі кезеңі ретінде EXPO аумағында жаңа технологиялық кластер құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиeв мәлімдеді.

р
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Министрдің айтуынша, Exponential Cluster деп аталатын бұл алаң ғылым, технологиялық стартаптар мен индустрияны біріктіретін біртұтас экожүйеге айналады.

– Қазіргі уақытта кластер аясында Robotics, DroneTech, GameDev, Cybersecurity, MedTech, AgriTech және Industry 4.0 бағыттары бойынша мамандандырылған орталықтар қалыптасып жатыр, – деді Жаслан Мәдиeв.

Оның сөзінше, жаңа кластер жыл сайын 500-ге дейін стартапты іске қосуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 100-ден астам hardware-жоба жүзеге асады. Сонымен қатар елде ұшқышсыз технологияларды дамытуға ерекше назар аударылып отыр.

– Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен ұшқышсыз автомобильдер бойынша пилоттық жоба іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны 2026 жылдың екінші тоқсанында жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар дрон арқылы жеткізу қызметін енгізу жөніндегі пилоттық жоба да іске асырылуда, – деді министр.

Министрдің айтуынша, бұл бастамалар қалалық мобильділік пен логистиканың жаңа модельдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Үкімет отырысында инновацияларды дамыту мәселесі талқыланатынын жазған едік.