«Эйр Астана» 4 жұлдызға ие болды

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат -  «Эйр Астана» әуе компаниясы ТМД және Шығыс Еуропа елдерінің әуе компаниялары арасында алғашқы болып Skytrax World Airline Awards 2012 беделді премиясының 4 жұлдызын иемденді.

«Эйр Астана» 4 жұлдызға ие болды

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Бұл мәртебеге ұлттық тасымалдаушы қызмет көрсетудің сапасы мен деңгейін бағалайтын Skytrax тәуелсіз халықаралық аудитінің қорытындысы бойынша ие болды. Осылайша, «Эйр Астана» Etihad және Lufthansa сияқты ірі әуе тасымалдаушыларының қатарына қосылды.

Skytrax рейтингілік агенттігінің аудиті қызмет көрсетудің 800-ден астам аспектісі бойынша жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша әр тасымалдаушы 1-ден 5 жұлдызға дейінгі рейтингке қол жеткізді. Дүние жүзінде 5 жұлдызды иемденген 5 әуе компаниясы ғана бар.

Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, компания құрылғалы 10 жылдың ішінде әуе тасымалдарының әлемдік нарығында мұндай деңгейге жету - едәуір ірі жетістік. Осындай дәрежеге Қазақстанның өзге де әуе компаниялары ұмтылуы тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, еліміздің көлік ведомствосы тарапынан 2013 жылдың ортасына дейін барлық қазақстандық әуежайлар мен әуе компаниялары көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша тәуелсіз аудиттен өтуі тиіс деген тапсырма берілген болатын. Бұл талап Көлік және коммуникация министрлігі дайындаған азаматтық авиация саласын Халықаралық әуе көлігі ассоциациясының талаптарына негізделген әуе қызметтерінің халықаралық стандарттарына көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына да енгізілген.