Ежелгі Жібек Жолымен 3000 шақырымға жол тартқан түйе керуені - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
XVI ғасырда соғылған теңгелерді елден шығармақ болған азамат ұсталды – ӨзА
Сұрхандария облыстық кеден басқармасының «Термез әуежайы» шекара бекетінде кеденшілердің қырағылығының арқасында тарихи құндылығы зор жәдігерлерді елден әкетпек болған азамат қолға түсті.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, шетелге ұшқалы тұрған жолаушы кедендік тексеру кезінде белгіленген тәртіп бойынша бақылаудан өтті. Алайда оның қол жүгін тексеру барысында қызметкерлер ауызша сұрау кезінде айтылмаған, араб жазуларымен өрнектелген бес дана көне металл теңгені анықтады.
Кеден мамандары табылған заттардың тарихи маңызын нақтылау мақсатында көркемдік сараптама тағайындады. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл теңгелер XVI ғасырға тиесілі болып, олардың бетіне араб жазуымен діни нақыштағы сөздер мен сол дәуірдің билеушілерінің есімдері қашалып жазылған. Бұл жәдігерлер өз кезеңінің мәдени және тарихи тынысын айқын көрсететін құнды мұра ретінде танылды.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, соғылғанына елуден астам жыл өткен мәдени құндылықтарды ел аумағынан шығаруға қатаң тыйым салынады. Қазіргі уақытта көне теңгелер Термез археология мұражайының қорына тапсырылды. Ал кеден органдары аталған дерек бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазақстан мен Мысыр африкатанушы мамандарды даярлауға мүдделі - «Eurasia Today»
Қазақстан мен Мысыр өкілдері африкатанушы мамандығы бойынша кадрлар даярлау және құрлықтағы кең тараған африкалық тілдерді меңгеру мәселелерін көтерді, деп хабарлайды «Eurasia Today» ақпарат агентті.
Аталған басылымның хабарлауынша, бұл мәселе Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Асқар Жеңіс пен Каир университетінің Ректоры Мұхаммед Әбделсадеқтің кездесуінде көтерілді.

Тараптар кездесуде жоғары білім саласындағы ынтымақтастық және университеттер арасындағы байланысты жандандыру мәселелерін талқылаған. Кездесу барысында екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасылды.
Ежелгі Жібек Жолымен қайта жүріп, 3000 шақырымға жол тартқан түйе керуені - «Халық газеті»
3 қарашада сағат 17:00-де 33 түйе, 3 жылқы, 30 команда мүшесі және 4 құрал-жабдық көлігінен тұратын «Шығыс Тяньшаньнан келген түйе керуені» Ганьсу өлкесінің Гулан ауданына жетті, деп жазады «Халық газеті».
Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл керуен 22 тамызда Шыңжаңдағы Баркөл Қазақ автономиялық ауданынан жолға шыққаннан бері шамамен 1600 шақырым жол жүрген. Олардың соңғы аялдайтын жері Хэнань өлкесінің Лоян қаласы. Керуен шамамен 3000 шақырымнан астам сапардан соң мәдени экспедициясын аяқтамақ.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, түйе керуенінің қоңырау үні арғы заманнан жеткендей әсер береді. «Шығыс Тяньшань түйе керуені» тарихтың ізін қайталап, Жібек Жолының рухын және Шыңжаң бұйымдарының сұлулығын таныстырып жатыр. Ұжым жұмысы Қытайдағы әлеуметтік желіде бірнеше рет қызу талқы рейтингінде болды. Маршруттық динамика мен мәдени интеграция іс-шаралары көпшіліктің назарын аударып, қазіргі уақыттағы ең көп қаралатын «Жібек Жолы елшісіне» айналған.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Шаньдун өлкесіндегі бір тау қос түске боялды» деген ақпарат жарық көрді.
Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, Қытайдың Шаньдун өлкесінің Цзинань өңірінде бір тау қос түске боялған. Күздің аяғында Цзинань өңірінің Сецзы тауында (Шаян тауы) «бір тау екі түске боялған» ғажайып көрініс көптеген туристі баурады.

Келтірілген деректерге сүйенсек, Сецзы тауы жота арқылы екіге бөлініп жатады. Таудың солтүстік беткейіне аршалар егілген, оңтүстік беткейіне сарыағаш отырғызылған. Күздің келуімен сарыағаштар жасылдан қызыл түске боялып, «бір тау екі түске енген» ерекше көрініс қалыптасты.
Берлиндегі Иран елшілігінде «Иран кілем өнері» күні өтті - ParsToday
Берлиндегі ИИР елшілігінің конференц-залында Германияда тұратын бірқатар елшілер мен дипломаттар және шынайы ирандық мәдениет пен өнерінің әуесқойлары тобының қатысуымен «Иран кілем өнері» күні өтті, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Parstoday ақпарат агенттігінің ISNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, «Иран кілем өнері» күні рәсімінде ИИР-ның Германиядағы елшісі Маджид Нили иран кілемін ирандықтардың өнерінің, шыдамдылығының және талғамының символы деп санап, оның Иранның бай мәдениетін әлемге таныстырудағы маңызды рөлін атап өткен.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Иранның Германиядағы елшісі екі ел арасындағы тарихи қарым-қатынастардың дамуындағы иран кілемдерінің рөліне тоқтала отырып, бірлескен иран-герман кілем үйін құруды осы саладағы өзара әрекеттесуді арттыру және жеңілдету мүмкіндігі деп санады.
Бұл рәсімде Иранның әртүрлі аймақтарынан әкелінген тамаша және құнды кілемдер көрсетіліп, Иран жерінің мәдени және көркемдік әртүрлілігін көрсетті және қатысушылардың жылы лебізін білдірді. Іс-шараның тағы бір тартымды бөлігі осы саладағы екі танымал ұстаздың иран кілемдерінің үлгілерін жасау бойынша шеберлік сабағы және сұлулығын көрсететін бейнеролик болған.
Айта кетейік, Германия ұзақ уақыт бойы Иран кілем саудагерлерінің Еуропадағы негізгі орталығы болып келді.
Сондай-ақ осы аптада Parstoday-де «Иран мен Ауғанстан арасындағы теміржол ынтымақтастығы Қытайды Еуропамен байланыстыру бағыты болып табылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
ParsToday басылымының мәліметінше, Жол және қала құрылысы министрінің орынбасары және Иран теміржол компаниясының бас директоры Қытайдың теміржол желісін Ауғанстан мен Иранның теміржол бағыттары арқылы Еуропамен байланыстыру жоспарын жариялаған.
Келтірілген деректерге сүйенсек, Иранның халықаралық дәліздердегі стратегиялық рөлін атап өткен «Иран темір жолдары» компаниясының бас директоры Джабар Әли Закери Қытайдың теміржол желісін Ауғанстан мен Иран арқылы Еуропаға қосу жоспарларын жариялады және Мазари-Шариф-Герат теміржол желісін аяқтап, оны Иран арқылы өтетін бағыттармен байланыстыру Ауғанстанды ашық сулармен және Еуропа нарықтарымен байланыстыратынын айтқан.
Түркияда кибер тыңшылыққа қарсы рейдтерде екі күдікті қамауға алынды - TRT
Сенбі күні Түркия барлау қызметі және жандармерия күштері Стамбул мен Аданада үйлестірілген тінту жұмыстары барысында кибершпиондық желіні нысанаға алып, екі күдіктіні ұстады.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, операция Анкара бас прокуратурасының нұсқауымен жүргізілді.
Тергеушілер екі күдіктінің ірі киберқылмыс ұйымымен байланысы барын анықтады. Тінту кезінде тәртіп сақшылары заңсыз киберқимылдарда пайдаланылуы мүмкін деп күдік туғызған цифрлық техника мен шетелмен байланысы бар жүйелерді тәркіледі.
Күдіктілер тергеу кезінде мойындап, жеке мәліметтерге заңсыз қол жеткізуге қатысы бар адамдар мен топтар туралы ақпарат берді.
Екі күдікті де Түркияның киберқауіпсіздік заңы бойынша ресми түрде қамауға алынды, ал шетелде жүрген басқа тұлғаларға тұтқындау ордері шығарылды.
Тергеу әлі де жалғасып жатыр.