Фарида Мұсатаева: мәдени мұра мәдени-гуманитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдени мұраны қорғаудың ұлттық қауіпсіздікке де септігі тиеді. Бұл туралы мәдениеттанушы, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, этномедиация орталығының басшысы Фарида Мұсатаева «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында айтты.

Фарида Мұсатаева
Фото: Видеодан скрин

Оның сөзінше, егер мәдени мұраны тарихтың бір бөлшегі ретінде ғана қарастырсақ, онда қазіргі күннен, бүгінгі қоғамнан жырақтатып алуымыз мүмкін. Мәдени мұраның құны ешқашан түспейді. Ол қазір де аса маңызды. Сондықтан мәдени мұраны заманауи технологиялар арқылы қорғау керек.

— Мәселен, Британия музейі немесе Лувр музейі қызметкерлері арт-технологияны, 3D-технологияны пайдаланып, көне жәдігерлерді сақтап отыр. Біз де инновациялық технологияларды қолдансақ, мәдени мұраның өміршеңдігін және ұрпақтар сабақтастығын сақтаймыз, — деді маман.

Сондай-ақ, ол мәдени мұраның мәдени-гуманитарлық қауіпсіздікке тигізер септігіне тоқталды.

— Қазір тарихи-символдық мәселелер төңірегінде түрлі пікірталастар қылаң береді. Мысалы, «Алтын Орда мұрагері кім?» деген сұраққа әлі күнге дейін үлкен дискуссиялар бар. Мәдени мұраны қорғау — түрлі негативті дискуссияларға тойтарыс беру үшін жасалған нақты қадам, — деп түйіндеді Ф. Мұсатаева.

Айте кетейік, бұған дейін жаңа Конституция жобасының преамбуласы болашақ бағдарымыздың іргетасы екені жөнінде жазған едік.

Соңғы жаңалықтар