FCI төрешісі: Әлемде қазақы тазыға қызығушылық артып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақы тазы үшінші рет World Dog Show дүниежүзілік көрмесіне қатысып, жыл сайын жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл туралы Халықаралық кинология федерациясының (FCI) беделді төрешілерінің бірі Барбара Мюллер мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропадағы меншікті тілшісі.

а
Фото: Арнұр Рахымбеков / Kazinform

Швейцарияда тұратын Барбара Мюллер халықаралық санаттағы барлық тұқым бойынша төреші, селекционер және FCI басқарма мүшесі екенін айтты.

– Мен бүкіл өмірімді иттерге арнадым. Осыдан төрт апта бұрын Қазақстанда болдым және рингте қазақтың ұлттық тұқымына жататын 40-тан астам тазыны бағаладым. Бұл тұқыммен танысу өте қызықты болды. Кез келген ел сияқты Қазақстанда да өңірлер әртүрлі. Кейбір иттер таулы аймақтардан шыққан, енді біреулері шөлді өңірлерден. Бұл олардың дене бітімі мен сүйек құрылымынан анық байқалады, – деді Барбара Мюллер.

Оның айтуынша, Қазақстанға келіп, ұлттық тұқымды бағалау үлкен әсер қалдырған.

– Бұл әдемі тұқымды бағалау мен үшін ерекше тәжірибе болды. Тазының 2023 жылы FCI Бас ассамблеясында алдын ала мойындалғанына өте қуаныштымын. Менің ойымша, әлемде кәсіби мамандардың қазақы тазыға деген қызығушылығы барған сайын артып келеді, – деді ол.

Барбара Мюллер Болоньядағы Қазақстанның ұлттық стендіне де жоғары баға берді.

– Өте әдемі. Адамдар Қазақстанды елестеткенде көз алдына дәл осындай көрініс келеді. Бұл керемет жасалған. Маған тазының өзі де ұнайды. Өте сабырлы ит. Қазір киіз үйдің ішінде тынығып жатыр. Сіздер қолданған түстер мен материалдар біздің елде жоқ. Сондықтан басқа халықтардың мәдениетімен танысу әрдайым қызықты, – деді халықаралық төреші.

Айта кетейік, Болоньяда өткен World Dog Show 2026 әлем чемпионатында қазақстандық «Челси» атты тазы жас иттер арасындағы тазы тұқымдастар тобында төртінші орын алды.