Фельдшер қазасы: Өнеркәсіп министрлігі ПИК міндеттерін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана сотында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің маманы, Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова жауап берді. Ол заңнамада ПИК төрағасына қандай міндеттер жүктелгенін, үйдің ортақ мүлкін тексеру қалай жүргізілуі керегін және ақаулар анықталған жағдайда қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді.
Үй қасбеті — ортақ мүлік
Маманның айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйді басқару және күтіп ұстау мәселелері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң және бірқатар нормативтік құқықтық актілер көмегімен реттеледі. Атап айтқанда, ПИК төрағасы меншік иелерінің қауіпсіз әрі жайлы тұруына жағдай жасауға бағытталған шараларды жүргізуге міндетті.
— Көппәтерлі үйдің қасбеті де кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жатады. Ол үйді тексеру кезінде қолданылатын түгендеу тізіміне енгізіледі. Оның техникалық тексеру жүргізуге міндетті екенін нақты көрсететін талап жоқ, — деп түсіндірді Қызғалдақ Медетова.
Ақау анықталса, не істеу керек?
Министрлік маманы ПИК төрағасының арнайы техникалық білімі болуы міндетті емес екенін атап өтті. Алайда мұндай білімнің болмауы төрағаны ортақ мүлікті тиісті деңгейде күтіп ұстауды ұйымдастыру және анықталған кемшіліктерге шара қолдану міндетінен босатпайды.
Ақау анықталған жағдайда ПИК төрағасы үй кеңесімен бірлесіп, мәселені меншік иелерінің қарауына шығаруы керек. Жағдайға қарай тұрғындар қаражат бөлу, жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе техникалық тексеру тағайындау туралы шешім қабылдай алады.
Бұл ретте меншік иелері осындай шешім қабылдаған жағдайда, ПИК төрағасы немесе үй кеңесі нысанды тексеру үшін мамандарды не ұйымдарды тартуға бастама көтере алады.
Үйді тексеру және құжаттарды тапсыру
Қызғалдық Медетованың айтуынша, ортақ мүлікті тексеру кондоминиум нысанын басқару қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша түгендеу тізімі мен тексеру актісі жасалады. Бұл құжаттар жылдық шығыстар сметасын құруда да пайдаланылады.
Маман ПИК төрағасы ауысқан кезде істерді қабылдап алу тәртібіне де тоқталды. Жаңа басшы үйге қатысты техникалық және қаржылық құжаттарды, жиналыс хаттамаларын, шоттар мен шарттар туралы мәліметтерді және басқа да материалдарды қабылдап алуға тиіс.
Оның айтуынша, құжаттарды тапсыру заңнамада белгіленген мерзімде қабылдау-тапсыру актісі арқылы жүзеге асырылуы керек.
— Қалай болғанда да, үйді басқару мен күтіп ұстау үшін ең алдымен қандай да бір бастапқы құжаттар болуы қажет. Ең болмағанда, олармен танысу үшін керек, — деді ол.
Оның айтуынша, меншік иелерінің жинақ қаражаты есебінен мемлекеттік органдарды тартпай-ақ, жалпы жиналыстың шешімімен күрделі жөндеу жүргізуге болады. Ал жергілікті немесе республикалық бюджет қаражаты пайдаланылған жағдайда мемлекеттік органдардың қатысуымен бөлек тәртіп қолданылады.
Бұған дейін үй тұрғындары сотта жауап беріп, ПИК төрағасының қалай жұмыс істегенін айтып берген еді.
2026 жылғы 26 ақпандағы қорытындыда үй апат алдындағы жағдайда деп танылып, оған төртінші дәреже берілген.