Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс сотқа жолданды
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан мерт болған Ұлдана Мырзуанға қатысты істі сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаменті мәлім етті.
— Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды, - делінген Полиция департаментінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар Астана сотының баспасөз қызметі сот отырысының өтетін күні әлі белгіленбегенін хабарлады.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
18 қараша күні жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды.
Бұл ретте екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі — сапасыз құрылыс, ал екіншісі — қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсету.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан (марқұм) «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.