Фермерге ақшаны алдын ала беру: ет нарығына қандай тетік қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда фермерлерге өнім ақысын алдын ала төлеуге мүмкіндік беретін форвардтық сатып алу тетігін кеңінен қолдану ұсынылды. Бұл туралы Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры, фермер Бахтияр Өтелбаев BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Оның айтуынша, бұл тәсіл шаруаларға мал өсіруге қажетті қаражатты ертерек алуға мүмкіндік береді. Сатып алушы өнімнің ақысын алдын ала төлейді, ал фермер келісілген мерзімде малды немесе етті жеткізеді.
— Форвардтық сатып алу кезінде ақшаны алдын ала аласыз. Сол қаражатқа жем-шөбіңізді, жанармайыңызды алып, жұмысшылардың жалақысын төлейсіз. Кейін келісілген баға бойынша малды немесе етті дайындап бересіз. Мұндай жағдайда несие алудың қажеті болмайды, — деді Бахтияр Өтелбаев.
Оның сөзінше, фермер сатып алушыдан қаражат алып, келісімшартта көрсетілген өнімді белгіленген мерзімде жеткізуге міндеттеледі.
— Сатып алушы ақшасын алдын ала береді, ал сіз келісімшарт бойынша міндеттемеңізді орындайсыз. Бұл өте тиімді. Мәселен, шетелдік сатып алушы келіп, ақшасын алдын ала беруге дайын болуы мүмкін, — деді ол.
Фермер мұндай тетікті бордақылау алаңдары мен шаруашылықтарға да қолдануға болатынын айтты. Бұл ретте өнімнің белгілі бір бөлігін ішкі нарыққа белгіленген бағамен жеткізу талабын қарастыруға болады.
Өтелбаевтың айтуынша, форвардтық сатып алу шаруаларға жем-шөп, жанармай мен жалақыға қажетті қаражатты өнімді өткізбей тұрып алуға мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын қазақтың ақбас сиыры туралы кітап жарыққа шыққаны белгілі болды.