Фермерлердің несие пайызын жеңілдетуге 353,5 млрд теңге бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы 3 жылға фермерлер мен кәсіпкерлердің несиеге төлейтін пайызын субсидиялауға 353,5 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы министрлік мамандары Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
— 2026-2028 жылдар аралығанда пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағыты бойынша жергілікті атқарушы органдарға жалпы сипаттағы трансферттермен 353,5 млрд теңге жіберу көзделген, соның ішінде 2026 жылы — 102,7 млрд теңге, 2027 жылы — 82,6 млрд теңге, 2028 жылы — 168,2 млрд теңге, — дейді жауаптылар.
Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер мен агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандыру үшін жергілікті атқарушы органдарға 17,3 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, осы тетікті тікелей министрлік арқылы іске асыру үшін республикалық бюджеттен тағы 50 млрд теңге қарастырылған.
Жергілікті атқарушы органдар арқылы бөлінетін қаражат:
— 2026 жылы — 4 млрд теңге
— 2027 жылы — 6 млрд теңге
— 2028 жылы — 7,3 млрд теңге
Министрлік арқылы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат:
— 2026 жылы — 16 млрд теңге
— 2027 жылы — 17 млрд теңге
— 2028 жылы — 17 млрд теңге
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында бірқатар фермер мемлекеттік қолдау шарттарын бұзғаны үшін алған субсидияларын бюджетке қайтаруға міндеттелмек.