Ферроқорытпа зауытындағы оқиға: Қарағанды дәрігерлеріне елордадан әріптестері көмекке келді
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда ферроқорытпа зауытының зардап шеккен сегіз қызметкеріне медициналық көмек көрсету жалғасып жатыр. Барлық пациент Профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада жатыр, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің тілшісі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша қосымша медициналық көмекті көрсету үшін Қарағандыға Академик Н.Д.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер арнайы келді.
«Медициналық топтың құрамына тәжірибелі комбустиолог-реаниматологтар кірді. Елордалық мамандар жергілікті дәрігерлермен алғашқы кезде барлық қажетті медициналық көмектің көрсетілгенін атап өтті», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ведомство хабарлағандай, зардап шеккен алты адамның жағдайы әлі де өте ауыр. Тағы екі науқас интенсивті терапия бөлімінде. Науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасып жатыр. Ем алушыларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ, YDD Corporation компаниясында зардап шеккендерді «жедел жәрдеммен» емес, қызметтік көлікпен ауруханаға жеткізілгені туралы түсініктеме берді. Әлеуметтік желілерде зауытта күйіп қалған жұмысшылар қызметтік Газельмен ауруханаға жеткізілгені туралы бейнежазба пайда болды.
«Зауыттың қашықтықта орналасуына және шұғыл көмек көрсету қажеттілігіне байланысты алғашқы көмек көрсету және зардап шеккендерді зауыт аумағындағы қызметтік көлікте жедел жеткізу туралы шешім қабылданды. Кезекші көлік зардап шеккендерді Мақажанов атындағы ауруханаға жеткізді. Барлық қажетті шұғыл және амбулаториялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, компания қажетті медициналық көмек көрсету үшін Ресейден ең жақсы дәрігерлер тобының қысқа мерзімде келуін ұйымдастырды. Жақын арада Түркиядан дәрігерлер келеді деп жоспарланып отыр. Компания зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетеді және аурухананың медициналық қызметкерлерімен және зардап шеккендердің туыстарымен үнемі байланыста болады», - деп хабарлады «YDD Corporation» баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, кеше 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шекті.