FIFA президенті Джанни Инфантино қайта сайлауға түседі
АСТАНА. KAZINFORM – FIFA президенті Джанни Инфантино келесі жылы ұйым басшысы қызметіне қайта сайлану үшін кандидатурасын ұсынбақ. FIFA басшысының кезекті сайлауы 2027 жылғы 18 наурызда Марокконың Рабат қаласында өтетін ұйымның 77-конгресі аясында өтеді, деп хабарлайды Euronews.
FIFA бұған қатысты мәлімдемесінде Инфантиноның 2027 жылы қайта сайлануға ниетті екенін сәуір айында жариялағанын және оның жоспарында ешқандай өзгеріс болмағанын хабарлады.
Джанни Инфантино FIFA президенті қызметіне алғаш рет 2016 жылы сайланған. Биыл шілде айының соңында FIFA-ның жекеменшік инвестиция тартуға бағытталған даулы жоспарын ұсынуы оның ұйым басшысы ретіндегі жағдайына қысым күшейтті. Кейін бұл жоспар тоқтатылды. Жоба бойынша сыртқы инвесторларға FIFA Forward Enterprise (FFE) деп аталатын коммерциялық еншілес құрылымнан үлес сатып алуға мүмкіндік беру көзделген.
Бұл бастама футбол қауымдастығында үлкен қарсылық туғызып, кейбір тараптар FIFA-ны спортты «сатуға» тырысып жатыр деп айыптады. Соның салдарынан Инфантиноның ұйым басшылығында қалуына қатысты футбол әлемінде елеулі пікір қайшылығы пайда болды. Аймақтық конфедерациялар мен жекелеген елдер бұл мәселеде екіге бөлінді.
Тамыз айында UEFA FIFA-ның FFE жоспары «қайтарымсыз және түпкілікті түрде тоқтатылғанына» және оның басқа нұсқада, форматта немесе атаумен қайта ұсынылмайтынына кепілдік алғанын мәлімдегеннен кейін Еуропа елдері FIFA турнирлеріне бойкот жариялау қаупінен бас тартты. Алайда UEFA Инфантиноның қызметтен кетуін талап етуді жалғастырып отыр.
FIFA президентінің кезекті сайлауы 2027 жылғы 18 наурызда Марокконың Рабат қаласында өтетін ұйымның 77-конгресінде ұйымдастырылады.
Инфантино биыл Канадада өткен FIFA-ның 76-конгресінде ұйым президенті қызметіне қайта сайлануға ниетті екенін растаған. Ол ұйымға мүше 211 қауымдастық өкілі алдында келесі жылы президент сайлауына кандидат болатынын мәлімдеген.
Кейін FIFA кеңесі халықаралық турнирлерді ішінара жекешелендіру жоспарына байланысты сынға ұшыраған Инфантиноны қолдайтынын білдірді. Ұйымның хабарлауынша, FIFA-ның бас хатшысы Маттиас Графстрём мен кеңес мүшелері Инфантиноға деген сенімін растаған.
Сондай-ақ Инфантиноның жоспарын сынаған FIFA басшыларының бірі қызметінен кеткенін жаздық.