Филиппинде күшті жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артты

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін таңертең Филиппинде болған 7,8 балдық жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 15 адамға жетті, деп хабарлайды Al Jazeera

Филиппинде күшті жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артты
Фото: aljazeera.com

Бұған дейін үш адамның қаза тапқаны туралы хабарланған болатын. Сондай-ақ шамамен 130 адам жарақат алды.

Филиппин жанартаутану және сейсмология институтының (PHIVOLCS) мәліметінше, алғашқы жер сілкінісінен кейін бір сағаттан астам уақытқа созылған афтершоктар болды. 

Минданаоның оңтүстігіндегі 722 мыңға жуық адам тұратын Генерал-Сантос қаласы ең қатты зардап шекті. 

Азаматтық қорғаныс басқармасы афтершок қаупіне байланысты тұрғындарды зақымдалған ғимараттар мен инфрақұрылымнан аулақ жүруге шақырды.
Жер сілкінісі елдегі мемлекеттік мектептерде жаңа оқу жылы басталған күні болды. Philippine News Agency мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәліметінше, апат шамамен 3,2 млн оқушыға, сондай-ақ 128 мың мұғалім мен қызметкерге әсер етті.

Жер сілкінісінен кейін көп ұзамай Тынық мұхиты цунами туралы ескерту орталығы Филиппин жағалауының кей бөліктерінде биіктігі үш метрге дейін, ал Индонезия мен Малайзияның кей бөліктерінде биіктігі бір метрге дейін жететін толқындар болуы мүмкін екенін ескертті. Кейінірек цунами қаупі негізінен өткені туралы хабарланды.

Жапонияда да цунами туралы ескерту жарияланды, алайда Жапония метеорологиялық агенттігі оны сегіз сағаттан кейін жойды. 

Осыған дейін Грекияның Эвбея аралында магнитудасы 4,9 болатын жер сілкінісі тіркелді.