13:37, 10 Қараша 2013 | GMT +5
Филиппиндегі тайфун салдарынан құрбан болғандар 10 мыңнан асты
АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат - Филиппиндік полицияның хабарлауынша, «Хайян» тайфунының салдарынан құрбан болғандардың саны 10 мыңнан асып түсті. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Осыған дейін 1200 адамның өмірі қиылғандығы хабарланған болатын, алайда жексенбіге қараған түнде тек Лейте провинциясының өзінде қаза болғандардың саны 10 мыңнан асқандығы туралы хабар келіп түсті. Жергілікті биліктің мәліметінше, «Хайян» тайфуны жүріп өткен осы провинцияда 80 пайызға дейінгі көлемде барша құрылыстар мен коммуникациялар бұзылған. Аталған тропикалық тайфун ең қауатты табиғи апаттардың санатына жатқызылып отыр. Ол Филиппиннің жағалауында тұтас елді мекендерді жермен-жексен етті. Тайфун жақындаған кезде билік жағалаудағы бірнеше мың адамды қауіпсіз жерге көшірді. Бірақ та елдің орталық аудандары да алапат апаттың салдарынан зардап шегіп отыр. Тайфун ошағындағы желдің жылдамдығы сағатына 300 шақырымға дейін жеткен көрінеді.