Филиппиннің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 37 адамға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Филиппиннің оңтүстігіндегі 7,8 балдық жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 37 адамға жетті, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі. 

Филиппиннің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 37 адамға жетті
Фото: ТАСС

Азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, барлығы 456 адам жарақат алды, тағы төртеуі із-түзсіз жоғалып кетті.

Жергілікті билік Минданао аралында мектептер, ауруханалар және тұрғын үйлерді қоса алғанда шамамен 1900 ғимараттың зақымдалғанын хабарлады, олардың шамамен 1500-і апат салдарынан толығымен қирады. 

Хенераль-Сантос халықаралық әуежайы зақымданды, бұл рейстердің тоқтатылуына әкелді. 

Филиппиннің Азаматтық авиация басқармасы әскери, үкіметтік және гуманитарлық ұшақтардың әуежайды жер сілкінісінен кейінгі көмек операциялары үшін пайдалануына рұқсат берді.

Хенераль-Сантос қаласында төтенше жағдай жарияланды. 

Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынды.

Еске салсақ, жер сілкінісі елдегі мемлекеттік мектептерде жаңа оқу жылы басталған күні болды

Philippine News Agency мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәліметінше, апат шамамен 3,2 млн оқушыға, сондай-ақ 128 мың мұғалім мен қызметкерге әсер етті.

Жер сілкінісінен кейін көп ұзамай Тынық мұхиты цунами туралы ескерту орталығы Филиппин жағалауының кей бөліктерінде биіктігі үш метрге дейін, ал Индонезия мен Малайзияның кей бөліктерінде биіктігі бір метрге дейін жететін толқындар болуы мүмкін екенін ескертті. Кейінірек цунами қаупі негізінен өткені туралы хабарланды.

Жапонияда да цунами туралы ескерту жарияланды, алайда Жапония метеорологиялық агенттігі оны сегіз сағаттан кейін жойды. 

Осыған дейін Филиппиндегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 32 адамға жеткені хабарланған.