Фин ғалымдары жаралардың жазылуына әсер ететін жаңа тәсілді анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Фин ғалымдары қылқанжапырақты ағаштардың шайыры жаралардың жазылуына ықпал ететін жаңа механизмді анықтады, деп жазды АЗЕРТАДЖ.
Шығыс Финляндия университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, шайыр құрамындағы пинорезинол қабынуды азайтып, тері жасушаларының қалпына келуін ынталандырады.
Зерттеуші Элиас Хаапакорваның айтуынша, шайырдың микробтарға қарсы қасиеті бұрыннан белгілі, алайда жаңа зерттеу жараның жазылуын тек микробтарға қарсы әсер арқылы ғана емес, сонымен қатар қабынуды азайту және тері регенерациясын жылдамдату сияқты басқа да механизмдер арқылы да жүзеге асатынын көрсеткен. Жұмыс барысында шайыр қосылыстары негізінде майлы-сулы эмульсия жасалып, ол микробқа қарсы әсер еткен.
Зерттеу нәтижесінде бұл эмульсиялар бактерияларға, ашытқыларға және антибиотикке төзімді штамдарға, соның ішінде MRSA бактериясына қарсы тиімді екені анықталды. Сонымен қатар олар биоқабықшалардың түзілуін тежеп, қалыптасқан қабықшаларды бұза алады.
Ғалымдар антибиотикке төзімділік (антибиотикорезистенттілік) кең таралуына байланысты өсімдіктер негізіндегі емдеу әдістеріне қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Қылқанжапырақты ағаш шайыры Солтүстік Еуропаның халық медицинасында ғасырлар бойы қолданылып келеді.
Элиас Хаапакорваның пікірінше, алынған нәтижелерге қарамастан, бұл тақырып әлі де жеткілікті зерттелмеген және қосымша зерттеулерді қажет етеді. Бұл тақырып 8 мамырда Шығыс Финляндия университетіде қорғалады.
Айта кетейік, италиялық ғалымдар жүрек қатерлі ісігінің неге сирек кездесетінін анықтады.