Финляндия киімді қайта өңдейтін жасанды интеллект автоматын әзірлеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Финляндияда жасанды интеллектті пайдаланып, ескі киімді жинау және сұрыптау автоматтандырылған жүйесін құруға арналған ауқымды жоба басталды.

киім
Фото: azertag.az

АЗЕРТАДЖ агенттігінің хабарлауынша, Texmat деп аталатын жаңа автомат тұтынушылар үшін киімді қайта өңдеу процесін пластикалық бөтелкелерді қайта өткізу сияқты қарапайым әрі әдеттегі іс-қимылға айналдыруға арналған.

Құрылғы берілген киімді жасанды интеллект, визуалды тану және тауардың сандық паспорты арқылы автоматты түрде талдайды.

Алдағы жылдары бұл сандық паспорт Еуропалық Одақта міндетті болады деп жоспарланып отыр. Жиналған деректер негізінде автомат киімнің қайта қолдануға және қайта сатуға жарамды екенін, әлде текстиль талшықтарын қайта өңдеуге жіберілуі керегін анықтайды.

Қайта қолдануға жарамды киім үшін тұтынушыға қаржылай сыйақы беріледі, оның мөлшері киімнің жағдайы, бренді және матасына байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, киімдерді қайтаруды қосымша ынталандыру үшін депозиттік және жеңілдік модельдері де қарастырылып отыр.

Жоба Еуропалық Одақ аясындағы ауқымды ынтымақтастықтың бір бөлігі және континент бойынша өсіп келе жатқан текстиль қалдықтарының мәселесін шешуге бағытталған.

Texmat жобасы 7 ЕО елінен 14 серіктестің қатысуымен жалпы еуропалық ынтымақтастық аясында әзірленіп, «Горизонт Европа» бағдарламасының қаржылық қолдауымен іске асырылып отыр. Бірінші автоматтар Финляндия мен Испанияда сынақтан өткізілмек. Болашақта әзірлеушілер осындай құрылғыларды сауда орталықтары мен қоғамдық орындарға орнатып, текстильді қайта өңдеуді арттырып, жауапты тұтынуды күнделікті өмірдің бөлігіне айналдыруды көздеп отыр.

Айта кетелік Финляндияда ескі телефон байланысы тоқтатылады.

 

Соңғы жаңалықтар