Финляндияда Қорғаныс министрлігінің ғимаратына бояу шашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Белгісіз біреулер Финляндия Қорғаныс министрлігінің Хельсинкидегі ғимаратына бояу шашқан. Оқиға жұмаға қараған түні болған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Yle порталының мәліметінше, ғимараттың қасбеті жергілікті уақыт бойынша шамамен 01:42-де қызғылт түсті бояумен боялған. Алдын ала ақпарат бойынша бұл іске бір ер адам мен бір әйел адамның қатысы болуы мүмкін. Олар оқиға орнынан бой тасалап үлгерген.
Бұл әрекет үшін жауапкершілікті Palestine Action атты белсенділер тобы өз мойнына алды. Олар Газадағы әскери қақтығыстар мен Финляндия Қорғаныс министрлігінің Израильдің қорғаныс компанияларымен әріптестігіне қарсы екендерін мәлімдеген. Топтың айтуынша, акция барысында суға еритін бояу қолданылған.
Хельсинки полициясы бұл оқиға бойынша тергеудің бастапқы кезеңде екенін және күдіктілердің жеке басы анықталып жатқанын хабарлады.
Бұған дейін Финляндияда бензин бағасы рекордтық деңгейге дейін төмендегенін жаздық.