Финляндиядағы тікұшақ апатынан бес адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні Финляндияның оңтүстік-батысындағы Эура қаласының маңында екі азаматтық тікұшақ соқтығысты, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Бортта болған барлық бес адам қаза тапты: бір тікұшақта екеу, екіншісінде үшеу. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, қаза тапқандардың арасында екі эстондық кәсіпкер болған.
Апат жергілікті уақыт бойынша шамамен 12:35-те орын алған. Тікұшақтар соқтығысқаннан кейін жерге құлаған. Куәгердің айтуынша, тікұшақтардың бірі маневр жасап жатқанда екіншісіне соқтығысып, соның салдарынан екеуі де құлаған.
Тікұшақтар шамамен 100 метр қашықтықта табылған. Олардың бірі Эстонияда, екіншісі Аустрияда тіркелген. Белгілі болғандай, олар Таллиннен ұшып шыққан, ал бағыттары — Финляндиядағы Кумо аэродромы болған.
Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайлары тергеліп жатыр.
Бұған дейін Финляндияда екі тікұшақ соқтығысып, апатқа ұшырағанын жазғанбыз.