«Формула-1» Бахрейн мен Сауд Арабиясындағы Гран-при жарыстарын өткізуден бас тартуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Жарыстарды тоқтату туралы ресми шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен ол осы апта соңына дейін жариялануы мүмкін. Бұл туралы BBC Sport тілшісі Эндрю Бенсон жазды.
Бахрейндегі Гран-при 10–12 сәуірге жоспарланған болатын. Ал Сауд Арабиясындағы «Формула-1» кезеңі бір аптадан кейін өтуі тиіс еді.
Жарыстарды Португалияда, Италияда немесе Түркияда өткізу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда ұйымдастырушылар бұл елдерде жарысты өткізуге дайындалуға уақыт жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
Нәтижесінде биылғы маусымдағы кезеңдер саны 22-ге дейін қысқаруы мүмкін.
Сарапшылардың болжамынша, Бахрейн мен Сауд Арабиясы жарысты өткізу үшін ең жоғары жарнаны төлейтін елдер болғандықтан, «Формула-1» ұйымы 100 миллион фунттан астам шығынға ұшырауы ықтимал.
Осыған дейін Рим Папасы Таяу Шығыста атысты тоқтатып, диалог бастауға шақырған болатын.