«Формула-1» жарысын көру үшін неміс жігіті Монакоға үш апта бойы жүгіріп барды
АСТАНА. KAZINFORM – 26 жастағы қасапшы Кристофер Шрёдер Монакода өтетін «Формула-1» жарысын көру үшін 22 күнде 1010 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті, деп жазады Bild басылымы.
Ол Нидерландымен шекарадағы Германияның Доверен ауылында тұрады. Сол жерден Люксембургке, кейін Дижон, Лион, Авиньон, Канн, Ницца қалалары арқылы Монакоға дейін жеткен.
Сапар барысында Кристофер күніне 7-8 литр су ішіп, үш банан мен бірнеше энергетикалық тіске басар жеп отырған. Толыққанды тамақты тек кешке, ұйықтауға тоқтаған кезде ғана жеген.
– Мен денем қалжыраған нағыз «тозақты» бастан өткердім. Жанымда көлікпен бірге жүрген бөлем Ян болмаса, мұны еңсере алмас едім. Алғашқы үш күн ерекше ауыр өтті. Биіктік айырмасы 1500 метрге жетті, мен мұны жеткілікті ескермеппін. Төртінші күні берілгім келді. Тәнім «жоқ» десе, жандүнием «иә» деді, – дейді Кристофер.
Мұндай жүгіру идеясы оның ойына өткен жылдың қаңтарында келген. Алайда дайындықты тек бір жылдан кейін бастаған.
Төрт айлық жаттығу кезінде ол 1200 шақырым жүгіріп өткен. Қазір Кристофер мұның жеткіліксіз болғанын мойындап отыр.
Монакоға дейінгі жолда ол 8 келі салмақ тастап, күніне шамамен 5000 калория жұмсаған.
– Жүгірудің 13-тәулігінде ауа температурасы 36 градусқа жеткенде денемнен күн өтіп кетті. Соған қарамастан келесі күні қайта жүгірдім. Келесі 33 шақырымнан кейін тоқтауға мәжбүр болып, тағы 5 шақырымды жаяу жүріп өттім. Содан кейін барып жоспарланбаған бір күн ғана толық тынықтым, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін 76 жастағы ұлытаулық саяхатшының әлемді жаяу аралағанын жаздық. Жиһанкез Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция елдерін жаяу жүріп өтіп, сәуір айында ғана елге оралды.