Фототұзақ Тарбағатайдағы Қызыл кітапқа енген жануарды түсіріп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орнатылған фототұзақтардың біріне Түркістан сілеусінінің (Lynx lynx isabellinus) су ішіп жүрген сәті тіркелді.
Бұл — ұлттық парк аумағында сирек кездесетін жануарлардың тұрақты мекендейтінін және табиғи ортаның қолайлы сақталғанын дәлелдейтін маңызды деректердің бірі.
Түркістан сілеусіні — мысық тұқымдасына жататын ірі жыртқыш аң. Ол кәдімгі сілеусіннің Орталық Азияда таралған түр тармағы болып саналады. Қазақстанда өте сирек кездесетіндіктен, Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және мемлекет қорғауына алынған.
Орнитолог, мемлекеттік инспектор Қабыл Минардың айтуынша ұлттық парктің орманды-таулы алқаптары мен жартасты шатқалдары бұл аңның тіршілік етуіне қолайлы мекен саналады. Сақ әрі жасырын тіршілік ететін сілеусін адамдардың көзіне өте сирек түседі. Сондықтан фототұзақтарға тіркелген әрбір бейнематериал оның таралу аймағын, мінез-құлқын және санын бақылауға мүмкіндік беретін құнды ғылыми ақпарат.
— Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Түркістан сілеусінін қорғау және оның табиғи мекенін сақтау мақсатында тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Сирек кездесетін жыртқыштың фототұзақтарға тіркелуі парк экожүйесінің тұрақтылығын көрсетіп қана қоймай, еліміздің биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталған табиғат қорғау шараларының нәтижелі екенін де дәлелдейді, — делінген хабарламада.
Айта кетелік Іле Алатауында сирек кездесетін сілеусіннің қозғалысы бақылауға алынған еді.